ҚҰЛАҒАН ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНДАРЫНА КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕКТЕСУДЕ

«Аталған жатақхана тұрғындары уақытша біздің мектепке орналастырылды. Бүгінде 150-ге жуық адамды уақытша тұрғынжаймен қамтамасыз етіп отырмыз. Тұрғындар біздің бекетке келген уақыттан бастап қызылордалық кәсіпкер Төреғали Қарышұлы азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етуді мойнына алды. Тіпті, сәбилердің жөргектеріне дейін өлшемін сұратып, қамтамасыз етуде. Уақытша қиындыққа кезіккен азаматтарға осылайша қолұшын созып отырған кәсіпкерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ», - деді «Мұрагер» мектебі директорының орынбасары Эльмира Азатбаева.
Мұнан өзге, мектептегі №6 «а» сынып оқушыларының ата-аналары жатақхана балаларына арнайы қойылымдар ұйымдастырып, көңілін көтерді.
Айта кету керек, 28 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 22.40-та Титов тұрғын ауданы 16 А мекенжайы бойынша орналасқан жатақхананың тұрғындар қоныстанбаған бөлігі құлады. Ғимараттың төртінші подъездінің 1 және 5 қабаты аралығындағы бөлігі опырылып түсті. Зардап шеккендер жоқ. Жатақхананың екінші бөлігінде тұратын 46 отбасы қауіпсіз жерге, «Мұрагер» мектебіндегі эвакуациялық бекетке көшірілді.
Жақсылық жасауға асығайық!
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


