ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІН АТАП ӨТТІ
Қызылорда облыстық сотында Алғыс айту күніне орай өткізілген салтанатты жиында «Үш би» төсбелгісін иеленген отставкадағы судьялардың тарихи тектік құжаттары алғаш рет ұлттық мұрағат қорына табысталды.
Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев, облыстық қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы Гүлшат Ахметова, судьялар және отставкадағы судьялар, Соттар әкімшілігінің басшылығы, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышев: «Алғыс айту күні – ел болашағы үшін аянбай тер төккен азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні. Мемлекет басшысы өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын ұсынып, ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білу тиіс екендігін айтып өткені баршамызға мәлім. Осыған орай, ардагер судьялардың тектік құжаттарын ұлттық мұрағат қорына жыл сайын өткізуді үрдіске айналдыруды жоспарлап отырмыз», - дей келе, отставкадағы судьялардың құжаттарын ұлттық мұрағат қорына табыстады.
Шара барысында облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов «Үш би» төсбелгісін иеленген отставкадағы судьялардың еңбек жолдары мен қызмет атқарған уақытта жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Облыстық сот төрағасы шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасының дамуы жолындағы еңбектеріне жеміс, бейбіт өмір мен жақсылықтар тіледі. Сонымен бірге, отставкадағы судьяларға сот жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін сот ұжымы атынан алғыс айтып, алғыс хаттарды табыстады.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі