БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫН ЕРІГЕН ҚАР СУЫ БАСТЫ
Байқоңыр қаласында жолдар мен тұрғын үй аулаларын еріген қар суы басуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қардың жылдам еруі ауа температурасының кенеттен жоғарылауы мен жауын-шашын салдарынан болған.
Топырақтың тоңазу деңгейінің тереңдігінен және нөсер суы ағатын жүйенің болмауынан бірқатар жеке үйлердің аулалары мен автомобиль жолдарын су басты.
Байқоңырда су тасқынымен күрес екінші тәулік бойы жүргізіліп жатыр. 27 ақпанда күні бойы және 27-нен 28 ақпанға қараған түні тұрғын үй шаруашылығы және қалалық су арнасы кәсіпорындары қызметкерлерінің күшімен Авиационный, Максимов және Советский көшелерінде, Королев және Гагарин даңғылдарында, 6А және 7 шағын аудандарда су айдалды.
Суды сору жұмыстарына насосы бар 2 көлік пен 3 мотопомпа жұмылдырылды. Тасқын салдарын жою жұмыстары жалғасуда, деп мәлім етті қала әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Елена Митрофанова.