ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА МЫҢ АЛҒЫС
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде Алғыс айту күнін мерекелеу туралы айтқан болатын. Қазақ халқы зобалаң (репрессия) жылдарынан бастап Ұлы Отан соғысы жылдарында туған жерлерінен үдере көшкен бірнеше ондаған ұлт пен ұлыстың өкілдеріне қиын кезде қайрымдылық танытты, пана болды. Осылайша, Қазақстан көптеген энтосқа ортақ шаңырақ болды.
Осыдан 3 жыл бұрын 1 Наурыз Елбасының бастамасымен «Алғыс айту күні» болып бекітілді. Жалпы, қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек алғысқа өзінің байырғы мән-мағынасына терең ой беріп, бойына сіңіргендігі анық. Оның себебі көп, ислам дінін ертерек қабылдаған қазақ халқы алғыс айтуды әуел бастан әдетке айналдырған. Халқымыз бүгінгі таңда Тәуелсіздігін алып, бақытты өмір кешіп келеді, осының бәрі өткен күрестің жемісі. Бұл жерде Елбасының елімізде мызғымас татулық орнатып, бүлдіршіндерімізді бейбіт күннің астында өмір сүруіне жағдай жасап отырғандығы ақиқат.
Бұл күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Биыл бұл мереке екінші жыл қатарынан тойланып жатыр. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болып табылады. Негізінде, алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ халқы көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Бүгінгі күні біз үшін ең қымбаты — ауызбіршілік, елдегі татулық. Ел тыныштығы бір шайқалып кетсе, оның арты неге апарып соғатынын қазір елдің бәрі көріп-біліп отыр. Осы күніміздің қадірін біле жүрейік. Сол үшін де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Көпэтносты Қазақстанда тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің тарихын білем, тілін үйренем, өнерімді дамытам, ұлтыма тән кәсібіммен айналысам, қызмет жасаймын десе де, барлық жағдай жасалған. Осының бәрі еліміздегі тұрақтылықтың нәтижесімен қол жеткізілген несібе екенін айтқымыз келеді.
Алғыс айту күні ұлт пен ұлыстар арасындағы достық пен бірлікті одан әрі нығайта түсетіні анық. Қазақ халқының ықыласы мен дархан көңілінің арқасында біздің де көсегеміз көгеріп, өсіп-өніп жатырмыз. Басымызға күн туып, зұлмат күнді бастап кешкенде бауырына басқан елдің біз үшін жақсылығы ұшан-теңіз. Кең құшақ қазақ халқы тағдырлы кезеңдерде жер аударылған кәріс этносының бір бөлігін бауырына басып, қамқорлық танытқан болатын. Бұл – өткен ғасырдың отызыншы жылдар еді. Қиын-қыстау уақытта Қазақстанды паналаған талай этностың өкілі сол бір зобалаңдардан аман қалып, бүгінде қанатын кеңге жайды. Кәріс халқы әлімсақтан өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған жұрт. Кең байтақ қазақ жерінде талмай тер төгіп, тамырын тереңге бойлатқан, мәуелі бәйтерекке айналды. Қазірде қоғамның барлық саласында белсенді үлес қосуда. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақ халқы қаза болды. Алайда осынау қасіретпен қажымай күресіп, құнды қасиеттерін сақтай білген ұлт өзгенің баласын да өзіндей көрді. Біз кәріс этносы қазақ жерінен өзімізге жайлы орта таптық, осында өсіп-өндік. Өткен жыл Қазақстандағы кәрістер үшін ерекше жыл болды. Кәрістердің Қиыр Шығыстан қазақ жеріне күштеп қоныс аударылғанына 80 жыл толды. Өткен жылдың қараша айында Сыр еліндегі корей диаспорасы осы айтулы күнді атап өтті.
Қазақ елінде өмір сүріп жатқан кез-келген этнос қазақ халқын өз бауырындай көреді. Сондықтан, біздің оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай мейірімділік пен әлеуметтік ынтымақты көздейтін ұлы мерекеде барша қазақстандықтарды, жерлестерімізді шын жүректен құттықтай отырып, біздің ортақ Отанымызға айналған Қазақстанға шын жүректен алғыс білдіреміз!
«Қазақстан кәрістер қауымдастығы»
Қызылорда облыстық филиалы