ТУҒАН АНАҢДАЙ, ҚАЙРАН, ТУҒАН ЖЕР (ЭССЕ)
Осы жасқа келгенде көзім анық жеткен бір ақиқат – адамға ақыл кеш кіреді; оң, терісін ойлап, бас ауыртып жатпайтын сонау алаңғасар жастық шақтың жөні басқа; жас кезде санаға не кіріп, не шықпады: оның қайсібірін сен жадыңда ұстап, есіңде сақтадың; соңыра ақыл кіріп, өзіңді өзің танығанда қапы кетіп, бармақ шайнаған «әттеген-айлар» аз ба? Аңсарың әр неге бір ауып жүріп, көп нәрсенің парқын кейін түсіндік; қадір, қасиеті санаңа кеш жетті; дер кезінде ескермей, уыстан шығарып алғасын бас салып өкіндік.
Кәзір ойлап қарасам, бәтір-ау, әкең мен шешеңнен де басқа жарық дүниеге келген әркімнің де «тәубе, тәубелеп» шүкірлік қылатын бір, бір құбыласы бар десек, ол сенің туған жерің екен; кемпірлер кіндігіңді қанша кессе де, ол бар болғыр ақырына дейін үзілмей, көзің тіріде жұдырықтай жүрек лүп-лүп соғып тұрғанда, сен енді кіндігіңнен байланасың да, қайрылып кеп қайта-қайта соға беретін темір қазығың ол!
Еуропада, сосын Мәскеуде болдым; сүйтіп, сыртта шырғалып, ұзағырақ жүріп қалдым да үйге асықтым; Алматы¬ға ұшқалы иығымды қомдап, буынып, түйініп отырғанда аяқ астынан есіме Арал түсті де, жалма-жан пойызға отырдым; сен асыққанмен, бірақ пойыз сенің жүрегіңнің алып ұшқанын кәйтсін; бұл пақырдың да мойнында өзіне тиесілі жұмысы бар; жүріс, тұрысы санаулы; тоқтайтын жерге тоқтайды; ал тоқтамайтын жердің тұсынан қиқулап өте шығады.
Қасым ақын «о, дариға алтын бесік туған жер, қадіріңді білмей келсем кеше гөр» деп, тебіреніп жырлап еді-ау! Туған жері – ана Қарқаралы сынды адамның тіріде бір-ақ рет көретін ұжмағындай болғасын тәкаппар, тентек ақын көңілі тасып, шабыты шалқып отырғанда айтса – айтқан шығар. Ал, ағайын тап осы арада пенделігіміз ұстап, біреудің бақытын қызғанбайық.
Оу, айта берсе, сенің де алдыңда жаман, жақсы құшағын ашып, жолыңа қарап отырған жерлестерің бар; ағайын, тума, туысқан қанша; ертең арса¬лаң¬дап алдыңнан шығатын үш дос – Құдайберген, Сағи, Алтыбай бар; әзіл, қалжыңы әрқашан аузында әзір тұратын Құдайберген құрдасың райкулттің бастығы; оның елге шығып, жапан түзде жалғыз үй отырған қойшыларға барып кино көрсететін төбесіне брезент жапқан ескі газигі белдеуде байлаулы тұрған аттай, қашан келсең де әзір; өздері жанына жуып кетсе мазуттың исі мүңк ете қалатын кинодвижікті орталарына алып тығылысып отыр еді де, ал Құдайберген дос езуін жимай ыржалақтап күліп жүріп:
– Қонақсың ғой, сен мында отыр, – деп, мені иығымен итермелеп, шопыр баланың жанындағы орындыққа отырғызар еді.
Бұның бәрі үш досым алдымнан шығып, құрметтеп күтіп алғанда маған істейтін өздерінің үйреншікті ритуалы...
Міне, Арал! Ой бәрекелде-ай! Бәрі таныс. Бәрі ыстық. Артық, кемі жоқ, көңіл шіркіннің құмары қанып, көзіңе бәрі, бәрі оттай ыстық басылар еді. Көкшолақ пойыз жүрісін кілт баяулатып еді; ілгері жақтан іле-шала өзім білетін, өзіме таныс жыпырлаған кішкентай үйлердің төбесі көрінді; баяғы патша заманында Аралдың үстінен пойыз өтетін болды да, анау-мынау емес, тап бір кісі беліндей жуан тасты қиып салған темір жол стансасына пойыз ентігін басып, ақырын жылжып келер еді де, бүйірін беріп тоқтар еді; пойыздан түспей жатып сен әр қашан терезеден кәрі зданның қақ маңдайына айқайлатып жазған, әуелі «Арал стансасы», сосын дәл соның астындағы алдақашан тозығы жеткен түйе қораның қақпасындай абажадай есікті көзің шалар еді; кәрі зданның өзі сияқты айнала төңірегіндегі үйлердің бәрі атам заманнан бері адамның қолы тимеген көне; көне болса қайтеді? Осы¬лар өзіңнің ескі танысыңдай көр¬ген жер¬де жүрегіңді елжіретіп жылы ұшы¬рай¬тынын қайтерсің. Бұлар осы өңір¬дің қан¬ша ұрпағын көзінен өткізді. Қан¬ша¬сына ығын, панасын берді. Халықпен бір¬ге жасап еді. Ыстық, суығын бірге көріп, осы күнге жан созып келіп еді. Өздері көнбіс. Төзімді. Арал тіпті көнбіс. Тіпті төзімді. Заман қанша өзгерді. Қоғам да, адамдар да жанталасып өзгеріп жатыр. Апырай, бірақ Арал өзгермейді. Құдайдан да, адамдардан да үміт үзгесін ешкімнен ештеңе дәметпейді. Теңіз барда – судан ұстаған соқыр шабақты бөліп жеп, жоғын жасырып, жыртығын жамап өз күнін өзі көріп келе жатқан халық еді. Құдай қылса кәйтесің. Кәзір де біздің сонау бала кезіміздегі ілініп-салынған жықпа-жығылма қалпы.
Білетін кісілер Рим жеті төбеге салыныпты дейді; рас шығар; Арал Риммен таласып қайтсін. Бірақ... мен білетін Арал өзінің заманында бірнеше төбеге салынып еді: Әне, анау Диірмен төбе. Мынау, Буденный төбе. Мұрты едірейген маршалдың біздің жақта неғып жүргенін қайдам.
Ал, енді жеті сорды бауырына басып алған (елу мыңнан астам халқы бар) қаланың сонау дала жақтағы беткейде бұрын түйе жайылған басы бос екі төбе болатын. Кейінгі кезде ішіне шарбы май айналған қалтасы қалыңдар топырағы, ауасы таза екі төбенің біріне әспеттеп үй салып көшіп алған екен; бір суыртпақ жіп артық кетсе де іргеден сығалап, тілі қышып отырғандар қарап жатсын ба – бұған «жебірлер төбесі» деп ат қойыпты. Көп ұзамай екінші төбеге де ие табылыпты; өйтіп, бүйтіп, онда, бұнда оқып келген еті тірі пысық жігіттер кішкентай қаланың азғантай жұмысына аяғы ілініпті де, әке-шешелерін ескі жұртта қалдырып, өздері әлгі топырағы, ауасы таза екінші төбеге көшіп алған екен.
Балаларын үйге қамап тастап, бар күні базарда өтетін Аралдың басы қақшақтаған қайқы төс қатындары маған таныс; шаңдығы шыққан, ығы-жығы жиында қолындағы оны-пұнысын әркімге бір тыққыштап әбден сілесі құрып шаршағанда базардың қос уыс көлеңкесіне екеу, үшеу, кейде үшеу, төртеу бас қосар еді. «Уф! Құрып қалсыншы адыра қалғырдың ринігі. Балалар не болды екен? Үй көрмейтін болдық қой, түге» деп, өздерін аяйтын ешкім бол¬мағасын, онсыз да ұрынарға қара таппай жүрген қағыңғыр қатындар ғой; енді олардың жыны әлгі шіркін немелерге түсіпті де – ит терісін басына қаптапты; бұндайда олардың тілінен бал тамбай, зәр тамбасын ба – ақ тер, көк тері шығып шай ішіп отырыпты да жырқылдап күліп «кемпір, шалдардан қашқандардың төбесі» деп, бұған да ат қойып, айдар тағып ала қойыпты.
Бұл осы жолғы келгенімде үш досымнан есіткен жаңалықтарым еді.
* * *
Халық болған халықтың өзіне тән ұлттық менталитеті болады десек, біз де соған шынымен ден қойсақ – қазақтың ежелден тайға таңба басқандай нағыз менталитеті ауылда. Ендеше, осы қазақтың менталитетінің ұйытқысы болған ұясы да ауылда. Сонан болар-ау, бұл қазақ баяғыда революцияны да ауыл арқылы жасағаны тарихқа аян. Сіз бен біздің жер түбінен армандап, аңсап келген азаттықтың нұрлы таңына кеше қолымыз жеткенде реформаны ауылға да жасау керек емес пе? Бұл көп жасап, көпті көрген, көп нәрсені көкірегіне түйген қарт жазушының көптен көңіліне сақтап келген, Елбасының құлағына жетсін деген ниеті ғана...
Үш достың айтуына қарағанда кейінгі жылдары Сырдария қатты тартылыпты. Қайсы бір кезде тіпті ит кешіп өтіп болыпты да, теңіз көз жетпейтін қашыққа кетіп қапты. «Қазір адам көретін сиқы жоқ. Жағасына жақындап бара алмайсың. Миы шыққан балшық, батпақ» деді үш дос. Түйеден басқа мал жемейтін қара сораң суы қашқан теңіздің орнын басып кеткен» деп, енді тіпті қара аспанды қапылтты. «Көрсең – суы мөлдіреп, түбі аппақ ақ қайраң боп жататын баяғы теңіз есіңе түседі де, көңілің бұзылады» деді үш дос. «Күні кеше еді-ау, – деді тағы да олар – теңіз үйіңнің іргесіне кеп, ақ бас толқын арсылдап жағаға соғып жатқанда – біз, сірә, алыстан домотдых, курорт іздедік пе? Қала халқы – кәрісі, жасы түгел балаларын жетелеп барып, алты ай жазда суға түсетін баяғы заман кәзір көзден бір-бір ұшты» деді енді үшеуі бірдей қосарланып.
Өзім де солай болар деп ойлағам; үндегем жоқ; Құдайбергеннің үйі бағана қазан көтеріп жатқан; иініміз түсіп, иығымыз салбырап үйге келдік; ас батпады; сол күннің ертеңіне теңізді өз көзіммен көргім келді де, қасыма Құдайбергенді алып райкомға бардым. Құдайберген мені бірінші хатшыға кіреді деп ойлаған екен; оның дегеніне көнбедім де, екінші хатшыға кірдім. Бұл жас жігіт. Атасы Медетбаев Төлеген – қарт балшебек. Өз заманында оқыған. Ұзақ жыл Арал ауданын басқарған. Волга бойындағы халық аштыққа ұшы¬рап, қырыла бастағанда Лениннің көмек сұраған телеграмын алған бойда бірнеше вагон балық жіберген кісі.
Екінші хатшыдан машина сұрап алғасын енді сыртқа шыға бергем-ді, Құдайберген жолымды кесіп, алдыма тұра қалды:
– Бірінші хатшыға кір, – деді.
Мен:
– Жұмыс басты кісі ғой. Уақытын алып қайтеміз, – деп, ыңғай бермеп едім. Бала жасымыздан бірге өскен досымды танымай қалдым. Әшейінде әзілдесіп, ойнап, күліп жүруші еді, қабағын түйіп алыпты.
– Біздің жағдайымызды білмейсің. Осы кісінің қарауында істейміз. Ертең соқпай кеткеніңді қасыңда жүрген бізден көреді. Сөзді қой, бастыққа кір, – деді. Айтқанын істетпей қоймайтын түрі байқалды.
Әрине, досымды түсінем. Өзімді де ойлап тұрмын. Осы бастықтың алдында бұрын бір рет болғаным бар. Екеуміз жерлеспіз. Ол Қазалыдан. Мен Аралдан. Жасымыз да қарайлас. Сыртынан көргенім болмаса, дидарласып кездескен емеспін. Әскерден босанып елге кеп, алғашқы тұңғыш еңбегім «Курляндия» романын шикілі-пісілі бітіріп, баспаға бердім де, Горький атындағы Литературный институтқа түскем. Жазғы каникул. Нем кетіпті деп, танысқалы үстіне кіргем-ді. Сыртын сәнді ұстайтын кісі екенін байқаған едім. Қашан көрсең де үстінде қыры жығылмаған қара кәстөм. Қатырма жаға ақ көйлек. Нақышын келтіріп жұтындырып байлаған галүстек. Өзі көзге толық, келбетті. Білетін жұрт – сөзге сараң. Кекірейген керме қас. Аузы¬нан шыққан аз-кем сөзді асықпай, аржағынан ақырын шығаратын көрінеді. Үстіне кіргемде жұрттың әлгіндей айтатындары бұлжымастан дәл келгені байқалды. Нығыз қалпын бұзбай, кекірейіп отырып қолын ұсынды. Керек десе, «оқуың қалай?» деп те сұрамады...
Сонан жылжып жылдар өтті; «Қан мен тер» әуелі өзіміздің елде, сосын Мәскеуде, шетелдерде шыға бастады. 1974 жылы Брежнев пен Косыгин қол қойған қаулы шығып, СССР мемлекеттік сыйлығын алдым. Жарайды, анада студент деген шығар; енді қанша десе де аты, атағы бар, ел-жұрт таныған жазушымын деген ойды арқаланып, (ойымда ештеңе жоқ), бірінші хатшының кабинетіне кіріп едім. Әй, мен өзгергенмен, мынау түк те өзгермепті ғой? Баяғы қалпы ғой. Ат шаптырым кабинеттің қақ төрінде алшасынан түсіп апты. Орнынан қозғалмады. Құйрық астындағы сәл қозғалса шайқап, шыр айналатын креслоға шалжайып жатып алған. Кермиық. Кергіп отырып қолымды алды. «Енді сені желкемнің шұқыры көрсін», деп, ширақ басып, шыққанша асыққам-ды...
Құдайбеген дос қояр емес.
– Кір! Кір! – деп дікектеп тұрып алды. Қайтпек керек? Лажым құрыды да, есіктен біреу желкелеп зорлағандай құлықсыз кіре бердім де, өз көзіме өзім сенбей қалшиып қатып қаппын. Есімді жиып үлгергенше болмай, әдетте мен келгенде шалбарының ауына қорғасын құйып қойғандай, қозғалмай нығыз отырып қабылдайтын бастыққа не болған-ей? Орнынан апалақтап, асығыс тұрып жатқан сияқты еді. Сүйткенше екі қолын бірдей созып ұмтылып кеп қолымды алды.
Әлі де түкке түсінбей аңырап қалғанымды көріп:
– Әбеке... Әбеке, сіз келердің алдында қасында облыстың бастығы, бізге ЦК-ның екінші хатшысы Месяц жолдас келді. Біз бюро мүшелері түгелдей стансаға барып күтіп алдық. Спец вагоннан Месяц жолдас түсіп, бәрімізбен амандасты да, салған жерден «қалай, жерлестерің келіп жүре ме?» деп сұрады. Біз түсінбедік. Сасқалақтап бір-бірімізге қарадық. «Нұрпейісовты айтам» деді Месяц жолдас. «Келеді, келді» дедік бәріміз жамырап. Сонан менің кабинетіме келдік. Кірген бойда тағы да Месяц жолдас қабырғада ілулі тұрған батман қағазына салған Арал теңізінің картасына барды да: «Еламан батыр қай жерлерде болды?» деп сұрады. Біз бірін біліп, бірін білмей тағы да сасқалақтадық. Келесі күні Қарақұм колхозына бардық; көшені бойлап келе жатқанбыз; Месяц жолдас колхоздың кітапханасын көріп қалды да, «жүріңдер, көрейік. Жерлестерінің кітабын алады ма екен» демесі бар ма. Абырой болғанда кітапханашы келіншек кітап оқитын, тілі сайрап тұрған пысық бала екен; екеуі ұзақ сөйлесті – деді де, бірінші хатшы мені қолтықтап апарып, өзінің креслосына отырғызды. Өзі түрегеліп тұр.
– Әбеке, талай келесіз.Үйде болған жоқсыз. Бұнда қанша боласыз? – деді. Өңінен сәл қысылып, ыңғайсызданғаны байқалды.
О, Жасаған жаппар Ие! Апырай, Мәскеуден бізге орыстың кітап оқитын бір интеллегент азаматы келгені қандай абырой болған. Әйтпесе, менің де бұл елге, әсіресе, ала бөле Аралға, Арал өңіріне көппен бірге тырбанып бірдеңе істеп жүргенімді мына жазғанды сырттан біреу кеп миландырып, жетесіне жеткізу керек болғанын қараш. Оллаһи шыным – әрі намыстандым; әрі жыным келді; түк деместен жалт беріп, есікті сарт жауып шығып кеткім келіп еді: ата-бабадан қалған әдет – тап сол арада дәтім жетпей, өзімді әзер ұстап қалғаным есімде. Ол, бірақ адыра қалғыр ана заман еді ғой. Иә, құрсын! Өзіміз еркіндік алып, төрт құбыламыз түгелденіп дәуірлеп тұрған бүгінгі егемендік кезімізде ел тізгініне таласып, елтең-селтеңдеп жүрген кітап оқымайтын санасыз бастықтар аз ба?..
Көңілсізбін; ішім ит талағандай; жағадан қашып, көз ұшынан асып кеткен теңізді көргім келмеді; Буденный төбесі; Қазақ көшесі №3 үйде тұратын Байғабыл ағама бардым; сол күннің ертеңіне пойызға отырдым; енді ешқайда мойын бұрмай, тура Алматыға тарттым; сол күні жолаушы-жүргіншілер аз болды да өзіме дербес, жеке тиген оңаша купеге жайғастым; өзіміздің елде және сыртта, шетелде де пойызбен, не автобус, не машинамен ел көріп, жер көріп жүргенді ұнатушы едім.
Пойыз қозғалды; вагондар әуелі ырғалып, сосын итініп, соғынып ілгері ұмтылды; терезеге төніп, емініп отырып алдым; бұл жолға шыққандағы қашаннан бері қалыптасқан әдет.
Бір қозғалып кеткесін пойыз жер қоя ма; Қазалы артта қалды; алдымда Қармақшы; оның аржағы Байқоңыр; Космодром; екі көз телмеңдеп терезенің ар жағына қадалып алған; байқап келем: бұл жақтың реңі де Аралдың өңірінен артықшылығы шамалы; қайда қарасаң да көктемнен кейін бойын тіктеп көтеріле алмай, шерлеп жер тіс¬теп жатып алған тырбық, таспа боз кер жусан. Қуаңшылықтан ба, әлде кім білсін, жылдағыдан гөрі биыл ракета – әлгі бір гептил деген қарғыс атқыр пәлені тиеп алып көбірек ұшқан ба, қалай. Ол пәлекет ұшпасын деп тілейік. Ол ұшса – аспан асты, жердің үсті алағай, былағайды салады ғой. Бір жеті құйындатып ышқынып соққан қара дауыл нені шыдатсын. Ақ шаңдақ тұзды сор аспанға шапшып, аяқтың астынан басқа жер түк көрінбей кетпеуші ме еді. Көзің ашып, тыныс деміңді ала алмай тұншыққанда қайда, қай тесікке тығыларыңды білмей қалушы едің. Қара жердің де жанын шығарып, нәрін сығып алатын пәлекетке төзіп жүрген жалғыз біз ғана. «Апырай» дедім ішімнен – ракета ұшқалы қай заман; тағдыры тәлкекке түскен сорлы даланың осынау өрттей ыстық күн мен аңазақ аптап астында жылдар бойы таңдайына нәр тамбай, керек десе, көктемде де азын аулақ шөбі көктемей жатып – қурайтын бишара далаға жаның ашиды; үйтпегенде ше; қайран, ата-бабаның кіндік қаны тамған жер ғой, бұл!
Тоқта! Айтса да... Қуандық ақын еді ау? Иә, сол! Сол еді ғой!..
Дала. Дала. Даламенен келемін,
Дала көркін көрсем ғана терезеге төнемін.
Сол даланың сызы емес пе – денем алғаш тигені,
Сол даланың қызы емес пе – жүрек алғаш сүйгені...
Кәне, көзі қарақты, көкірегі ояу оқушым – кешегі дүниеден өткен Қуандық ақынның осы өлеңінің ар¬жағын өздерің естеріңе түсіріңдер! Тісі шықпаған қызыл иек жас баладай шайнап берсем сендерге ұят; маған ыңғайсыз; онсыз да, дәл осы кәзір ішінде ит ұлып жатқандай, көк запыран кеудеңе толып, жаның жабырқап мұңайып отырғанда дүниеден өткен кешегі жаны жайсаң замандас ақынды есіме алып, жол үстінде өлі аруаққа дұ¬ғамды бағыштағандай, жан дүнием егіліп отырған жайым бар.
* * *
Соғыстың алды еді ғой. Иә, мен бұл кезде Шалқарда, ал, Қуандық пен Тахауи Ырғыздың он жылдық орта мектебінде оқыпты; бір-бірімізді мүлде білмейміз; сонан, тек араға сонша жылдарды салып, соғыс біткесін қырық жетінші жылы (ұмытпасам октябрь айында) Алматыда өткен жас ақын, жазушылардың жиналысында кездестік; еліміздің түкпір-түкпірінен бір-бір өлең, бір-бір әңгіме жазған, егер, жазбаса бәрі бір түбінде жазатын мойны ырғайдай арық, жүдеу балалар келді; дәл солардай астанадағы институт, университетте оқып жүрген студент жастар да аз емес екен.
Кәзір ойлап қарасам, бұл Ілияс Омаров (ЦК-ның қатшысы), Сәбит Мұқанов (Жазушылар одағының төрағасы) – ой, жарықтықтар-ай, не істесе де – ірі тұлғаның аты ірі тұлға – құр кеудеге, өзім білемге салмай, алдағы ілгергі күнді ақылға салып, ойланып істеген өз тұсында айта қалғандай құбылыс болып еді; кешегі айдай әлемнің астаң-кестеңін шығарған дүниежүзілік соғыстан кейінгі кез еді ғой; қаһарлы қыстан кейін, әне бір көктем жылт етіп, қар енді-енді ери бастайтын кез болады ғой. Тап сол кезде көздің жасындай мөп-мөлдір мұздай қар суында – естеріңде бар ма – дір-дір еткен әлжуаз, нәзік көк қылтиып көрінер еді-ау. Иә, дәл сол сияқты кешегі соғыстан кейінгі жүдеу-жадау жас ұрпақ түгіл, тіпті соғысқа қатысып, шенелін сүйретіп елге келіп, болашақ романның он екі бетін жазған мені таңқалдырған Тахауи Ахтанов трибунаға шығып алып, екі иығын жұлып жеп жұлқынып сөйлесін кеп; бір сөзі үшін, сүйтіп ол жазушылар одағына мүше болсын; ал, Зейнолла Қабдолов пен Аманжол Шамкенов те өздерінің бір-бір өлеңімен одаққа мүше боп шыға келді. Жастардың жиналысына бізден гөрі ересек бір топ сұр шенелділер келді; оқ пен оттан жан сақтап аман қалған – оққағары барлар ғой! Өңшең өжет, өңшең бетінен оты шыққандар; өздерінен басқа жазушы жоқтай – қазақ әдебиетінің ертеңгі Абайы, Әуезовы өзге емес, өздері сиықтанып омыраулап, киіп-жарып барады; оларды ешкім бетінен қақпады; қайта барынша қолпаштап, көтермелеп жатты; әрине, кім қалай өрекпілеп, өзімшілдікке салса да, алдағы, ертеңгі күн бар; ол адамның емес, жаратушы Иенің құзырында; біз қалай десек те, жаңағы өзімшіл, өр көкірек сұр шенелділер қазақ әдебиетінің ертеңгі Абайы, Әуезовы болар, болмас, ал, бірақ олардың соңыра қазақ әдебиетінің Қасым Аманжоловы, Хамит Ерғалиевы, Жұбан Молдағалиевы, Сырбай Мәуленовы, Тахауи Ахтановы, Зейнолла Қабдоловы, Мұзафар Әлімбаевы, Ғафу Қайырбековы, Әзілхан Нұршайықовы боп өздерінің төл тақырыбы, өздерінің төл дүние танымы, төл поэтикалық, эстетикалық қолтаңбасы бар, тек өздерінің творчествосына тән табиғи бітім болмысымен бой түзеп, әдебиеттің ірі тұлғалары болғандары – ақиқат еді...
Осы кездесуде Тахауи мен Зейнолла салған жерден көзіме ыстық көрінді де, жұбымызды жазбай, бірге жүрдік; дос боп тарастық. Ал, Қуандықтың жөні басқа; мен білерде ол көзі тіріде ешкіммен көңілі жарасып дос болған жан емес; тумысынан ақын боп жаралды да, өлеңін жазып, саяқ аттай өзімен өзі жеке жүрді; сөзіміз ауыр болмасын – табанның бүрі жоқ еді, ісі де, сөзі де дәйексіз болатын; жарықтықтың өзі онысын сезді ме, жоқ па, белгісіз; сезе қалған күнде де – ол, сірә, ден қойып, көңіл бөле қоймас еді. Күнделікті өмірде оған дос емес, жолдас емес, серік керек еді; оның істегенін істесең – е-е... бәрекелде – сен онда онымен бөтелке маңында табысар едің; сосын гүлден гүлге қонып нәр алатын әлгі бір ала қанат көбелектей – сол заманның не бір сүмбіл шаш, бұралаң бел, делиме етек ақ көйлекті қарағымдардың соңында жүріп күн өткізер едің.
Ал, бірақ... айт-айтпа, өз тұсында теңдесі жоқ нағыз лирик ақын еді ғой! Тура жүрегінен жарып шыққан табиғаты бөлек төл поэзиясын былай қойғанда – шіркін-ай – оның Шотландияның ұлы ақыны Бернс пен парсы ақыны ұлы Омар Хаямның аудармасына тәнті боп, оқта, текте көз салып қоям. Ол аударған «Онегин» өз алдына бір төбе.
Пойыз құтырып алған. Байқоңырдан өткелі бір жерде аялдап тоқтаған жоқ; бауыры толған доңғалақ сартыл-сұртылдап сылқытып тартып келеді; өзім сол баяғы терезеге төніп алған қалпым; екі көз телмеңдеп терезенің ар жағындағы көл-көсір далаға қадалып алған. Ойымда кәзір де Қуан, Қуандық ақын.
Төрт өрме қамшы сарт етті,
Арғымақ ат кеп жұлқынды.
Жанары қыздың жалт етті.
Жарысып желмен ұмтылды.
Жігіт те шықты сыдырып,
Орамал таңып басына.
Түйілген бейне жұдырық
Жабысып ердің қасына.
Топылдап тиген тұяқтан
Даланың шаңы өрілді.
Дүйім ел тұрып бұл жақтан
Күледі гулеп көңілді.
Қарай гөр, әне, қарап бақ,
Қиялай өрлеп даланы.
Айтылмай келген махаббат,
Құйын боп ағып барады.
Әй, қадірлі оқушы! Байқадың ба – лирик ақынның өзі де, поэзиясы да жұмбақ еді-ау! Қай заман, қай адам болмасын, мәселен, айталық, сен, мен, менен де басқалар сол сиқыр, жұмбақ махаббаттың тұңғиық тереңіне бойлап бара алдық па? Саған қалай әсер етті? Ал менің тұла бойымды дір еткізді де... Астапыралла! Вагоннан атып шығып, құстай ұшып барып, терезенің аржағындағы осынау мәре-сәре боп гу-гулеп, ду-дулап аспанды басыма көтеріп жатқан дүйім жұртқа барып қосылып кеткім кеп, орнымнан көтеріле бердім де, қайта отырдым.
Бұл не құдірет! Дәл осы кәзіргі жасымдағы өзімдей кісінің әне бір көкірегі алып ұшып тұратын елгезек жастай қылығым өзіме де ерсі көрінді де, бір купеде бір өзім жалғыз отырып күлейін кеп...
Әр нәрсенің басын бір шолып әуейіленіп отырып байқамай қалыппын; сүйтсем, пойыз Жалағаш ауданының орталығына кеп, ысылдап-пысылдап тоқтап жатыр екен. Сарт етіп есік ашылды; мен көтерілем дегенше сұйқылтым шаш алдыңғы жағына қашып, онсыз да кере қарыс кең маңдайдың шырайын шығарған нар қасқа, келбетті кісі ішке кіріп келе жатты; оның соңын ала кірген жас жігіт қолындағы табақты терезенің алдындағы тығырықтай столға қойды; түкке түсінгем жоқ; омырауындағы Алтын жұлдыз жарқ-жұрқ етіп, мен енді тұрам дегенше болмай, ұмтылып кеп қолымды алды; жібермей уысында ұстап тұрып:
– Атым Исатай, фамилиям Әбдікәримов. Осы ауданда бірінші қатшымын. Ел құлағы елу. Аралға келгеніңізді есіткем. Кітап оқимыз ғой. Осы пойызбен келе жатқаныңызды білдім. Аулымыздың үстінен өтіп барасыз. Менікі себеппен танысып, білісейін деген ниет. Дәм-тұзымызды әкелдік. Алдыңызға қойған астан алыңыз, – деді Исатай.
Сол арада басымды сәл иіп, «рақмет» дегенім есімде. Талай адамдармен кездесіп жүрмін ғой. Бірақ... дәл бұлай сәлем-сауқаттаспай жатып алдыңды орап, салған жерден баурап әкеткен кісіні көріп тұрғаным осы.
* * *
Пойыз қозғалды. Исатай менің шығарып салғалы түрегеле бергенімді көріп:
– Әбеке, отыра беріңіз. Машинамды Қызылордаға бағана жөнелтіп жібергем. Сізді шығарып салғасын ертең Қызылордадан елең-алаңда шығып кетсем – Жалаңаш мына тұрған жер ғой бір сағатта жетіп барам, – деді.
Шәй алғызды. Кастөмін шешті. Өңірінің жоғарғы жағындағы екі түймені ағытты да, ақ көйлектің омырауын ашып тастады. Кең отырып, асықпай, емін еркін сөйлесетін түрі байқалды. Ұзақ сонар әңгімені әуелі өзі басқарып отырған аудан жайында болар деп ойлағам. Жоқ, олай болмады.
Бұл кісі әңгімені енді – «кешегі соғыс қоғамның да, халықтың да титығына жетіп, елдің еңсесін түсіріп кетті ғой» деп, арыдан, сонау бір кездегі халық басындағы қиыншылықтан бастады: «Көп жылға дейін халық есін жиып, етегін жауып кете алмады. Өзіңізге белгілі, біз тіршілігі бір ыңғай малға, сосын Сырдарияның ар жақ, бер жақ жағалауындағы азын аулақ жерге дән-дақылымызды егіп, шықпа жаным-шықпа деп отырған елміз» деді Исатай. «Ол кезде бізде өндіріс жоқ. Құрылыс, тіпті, жоқ. Малшылар жер қазбада. Ал асфальт бұл өңірде тұратын халықтың өңі түгіл, түсіне кірмеген. Қыста қар, жазда жаңбыр жауса миы шыққан балшық, батпақ. Басқа жақты былай қойғанда – обком, облисполком отырған үйден бастап бүкіл қала толарсақтан балшық. Әшиін де өзімізді әлде қандай көріп «Қызыл орда» деген атын қанша дабырайтып, ауыз толтырып айтсақ та – халыққа ол ас та, абырой да бола алмайды екен. Қайта, үйтіп, бүйтіп абыройымызды жауып отырған балығы бар, үш, төрт кіші кірім балық заводы бар Арал.
Осы арада Исатай «сосын» деді де, әлде неге көңілденіп, екі иығының басы селкілдеп күлді де, сосын менің бүйірімді шынтағымен ақырын нұқып қалып:
– Әбеке, сіздің ауылдың әйелдеріне қайран қалам. Пасажер пойыз стансаға кеп тоқтағанда өзіңіз де білесіз қой – құдды шабуылға шыққан солдаттардай тасадан шыға, шыға келетін, пасажерлерге лап беріп жетіп барып қолындағы кендір жіпке көзінен тізіп алған қақпыштарын «Балық бери! Балық бери» – деп алмасына қоймай жан-жағынан тыққыштап, онсыз да аты шулы Аралдың атын алысқа асырып даңқын шығарып жатыр сол қатындар – деп, рахаттанып күлсін кеп.
Исатайды қостап мен де күлдім.
– Оныңыз рас. Пойызбен Москваға бара жатқанда «қайным балық ал! Пиво ішкенде таптырмайды, бұл» – деп, маған да талай тыққыштайтын.
– Қайтсін, онан басқа ештеңесі жоқ қой, пақырлардың.
Сүйдеді де, Исатай әлгіндегі әңгімені үзілген жерінен қайта бастады.
– Қызылорда облысы бұл кезде өлім-жітімін үкіметке артып, бір жола мойынға мініп алған облыс еді. Жоғарғы жақ біздің облысты таратып, аудандарын Шымкент пен Ақтөбеге бөліп бергелі жатыр деген суық хабарды есіткенде төбемізге жай түскендей болды. Көп ұзаған жоқ, Алматыдан сол кездегі ЦК-аның бірінші қатшысы Николай Ильич Беляев Қызыл ордаға келді. «Облыстың болашағы жоқ, таратып жібереміз» деп, ана жақтан өздерінің күні бұрын шешіп қойған келісімдерін айтты. Ол кезде жоғарғы жақ бұйрады. Төменгі жақ ауыз ашпайды, құлдық ұрып, бас шұлғиды. Иін тіресіп отырған үлкен залда үн жоқ, тым-тырыс. Дымы құрып, демін ішіне жұтып басы салбырап бауырына түсіп отырып қалған. Бұл үнсіздіктің арты не болады? Қайда апарып соғады? Түсі қашып сазарып алған адамдардың үнсіздігі созылып, шыдамы сарқыла бастаған еді. Дәл осы сәтте үнсіз жұрттың орта тұсынан бір қол жоғары көтерілді. Орта жастан асқан, өзі де орта бойлыдан төмен тығыршықтай кісі шапшаңдап ширақ басып барды да, мінбеге шықты. Сол бойда, бірден шұғыл бұрылып тура Беляевке қарады. Қара қошқыл беті қатуланып алған. Мына түрі – атаң қазақтың әлгі бір тағдыр тығырыққа тіреліп, жан алқымға таялғанда – алды, артын ойлап жатпайтын, ғазиз басты бәйгіге тігіп шыға келетін нағыз нар тәуекел еді. Шымыр дауыс шаңық етті. Өзі білетін азғантай орысшаның басы, көзіне қарамай, белінен басып:
– Табарыш Белев, так нелза. Лекбедерват Қзыл орда – лекбедерват истори Казахстан. Вот парт белет. Вот мои башка. Рубай, отрбай башка, но Қызыл орда не трогай, ти тогда будеш второй Галашокін. Обком, раиком разганай. Божалоста, мена тоже снимай. Турма сажай. Облыс астаблай. Не трогаи.
Ой, Алла! Жаңа, тап жаңа қана не істерін білмей, еңсесі түсіп, бастары салбырап отырып қалған жұрт бір сәтте арқасы ұстағандай, аруақтанып шыға келіп еді. Дуылдатып қол соққан еді.
– Апырай! – деді Исатай – сөз тапқанға қолқа жоқ. Сүйтіп, Терең өзек ауданның бірінші қатшысы Нұрқасым Бердіқұлов енді болмағанда облысымыздың бұтын-бұт, қолын-қол ғып быт-шытын шығарып таратып жіберуге қарағанда өзінің әлгіндей жаман орысшасымен жанымызды сақтап аман алып қалды.
– Осындай бір әңгіменің шет пұшпағын ертеректе Қалтайдан естіп едім – дедім мен.
– Әбеке, бәріміз де ауылда бала кезімізде асық ойнап өстік қой. Мен білетін Нұрқасым қолға ұстасаң нағыз сақаға ылайық адам еді. Сүйегі шымыр, тілі тас жарғандай еді. Шындап сөйлегенде ешкімнен тайсалмайтын да тартынбайтын қасқыр бет еді. Ал егер, зәуде бір суырылып сөйлегенде алдына жан салмайтын, ойдағы жоқ, қайдағыны тауып айтар еді де, өзгенікі емес, тек өзінің дегеніне өзгелерді мойындататын еді, – деді Исатай.
Өз басым Бердіқұловты көрген емеспін. Бірақ.. дәл осы кісідей тағы бір кісі – Жамбаевты білуші едім. О да сырт кісіні бір көргенде елең еткізе қоймайтын. Тіпті сырт көз көңілі толмай, қомсынып қалуы мүмкін еді. Естеріңде бар ма – атақты Құлманбет жыраудың Жамбылмен айтысқанда оны кемсітпек боп «тайпақ қара» дегені. Жамбаев тобы кіші тайпақ бет, жапырық мұрын кісі-тұғын. Бірақ бұ да тілі тастай өткір еді. Жеме-жемге келгенде Нұрқасым сияқты өз заманында бұ да талай жерде ылғи да табан астынан тауып сөйлеп, бетің бар, жүзің бар демейтін қасқыр беттігі ел аузында аңызға айналған кісі еді.
Өткен соғыстың ең қиын, ең ауыр алғашқы кезінде Қостанай облысын басқарған-ды. Өздеріңе белгілі – Қостанай ол кезде орысы көп облыс болатын. Қас қылғандай – Жамбаев та орысшаға орашолақ. Аяқ жолын сүрініп, жығылып сөйлейтін барлы-жоқты, болар-болмас орысшасы болыпты. Тап сол тұста Қостанайдың соғыс округін ірі денелі ұлты орыс еңгезердей генерал басқарыпты. Обкомның бюро мүшесі бопты. Бұл генерал түгіл, офицердің ешкімді жыр деп тыңдамайтын, нағыз қылышынан қан тамып тұрған кез. Соғыс округін басқарған жаңағы генерал жапырақ мұрын, тайпақ бет томашадай қара қазаққа қайдан бой ұсынсын. Обком бюросының бірде бір отырысына келмей қойса керек. Намысына тиіп, әбден қаны қайнаған Жамбаев бір күні әлгі генералды шақырып алып салған жерден оған: «Ты кто?» депті. Анау мырс етіп күліп «Я генерал» депті. Жамбаев столды жұдырығымен қойып қалып: «Ти арми генерал, я парти генерал. Биро приходит надо. Теперь уходи» деп, жалына қол апармайтын асау генералды демде оп-оңай бас білдіріп апты.
Соғыс біткесін Жамбаевты орнынан босатады. Мәскеудегі жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіпті. Жамбаев бірде-бір экзаменді тапсыра алмапты. Әрі-бері ойлап – басқа амал таппағасын ЦК-аның қатшысы Маленковке сұранып, қабылдауында болған. Бұл кісінің алдында да өзінің өпіл-тақыл орысшасының белін сындырып, көзін шығарып әңгімесін тігінен тура бастапты: «Когда я был первым секретарем обкома мне говоит пронту одежды дабай, я одежд давал. Жамбаев хорош». «Мясо, молоко давай, я мясо, молоко давал. Жамбаев хорош». «Хлеб давай, я хлеб давал. Жамбаев хорош. А когда ушится – Жамбаев не хорош. Што полушается товарищ Маленков?»
Сүйтіп, Жамбаев өзінің тайсалмай сөйлейтін тапқырлығының арқасында оқуға түсіп, төрт жыл жоғары дәрежелі партия мектебін бітірген көрінеді.
* * *
Иван Сергеевич Тургенов «Отцы и дети» деген роман жазды. Өзінің тұсында бұл роман интелегенция мен әдебиетші қауым арасында әр қилы пікір, талас туғызып, көптеген сын мақала жазылған шығарма. Солардың ішінде ұрыншақ, ыстық қанды аса талантты жас сыншы Писеревтың көлемді үлкен сын мақаласы маған қатты әсер еткенді. Демек, әке мен балалар арасында ұрпақтан ұрпаққа созылып, қарама-қайшы пікірлер туғызып, әлі де тиянақты тоқ етер шешімін таппаған проблема. Бұны тегіннен тегін айтып отырғам жоқ. Еуропа мен Американың атақты Кембридж, Гарвард, Оксфорд университетін бітіріп, сыртта да, өзімізде де әтібірлі әжептәуір жұмыс істеп жүрген жастар қанша. Оларға жаңағы екі шалды айтсаң, әрине олар шекесімен тыңдар еді. Егер, сен енді сол екі шалдың әлгіндей елі, жері үшін арқа еті арша, борбай еті борша боп жүріп, өліп-тіріліп жұмыс істеп, зәуде бір халқына қатер төне қалғанда басын бәйгеге тігетін жүрек жұтқан ерлігін айта бастасаң – олар, Құдай біледі «да, ну!» дер еді де, бұны Қожанасыр хикаяларының жалғасы көрер еді.
Міне, бұл әкелер мен балалар арасындағы мына қарғыс атқыр жаңа ғасырда ара жікті тіпті әбден алшақтатып, бұрынғыдан бетер өршіп бара жатқан қасиетсіз қылық...
Бір есептен, былай қарағанда – қоғамның да, адамның да – әрбір дәуірдің диалектикалық дамудағы заңды құбылыс деп те қарап өзіңді алдарқатып жұбатуға болар еді; өйтейін десең шет елдің оқуы өтіп кеткен әлгі шалағай дүбәралар түгіл, ауылда туып, ауылдың мектебін бітірген осы күнгі өзіміздің бозымбайлар да жаңағы шалдардың шынында да аңызға бергісіз бастарынан кешкен адам таңғалғандай ғажап істері даналық десе – даналық, батырлық десе батырлықтары өзіміздің сол шіркіндердің жанын қаншалықты жылытып, тебірентетінін білмейсің. Ертедегі қазақ: «тауып айтса – би болады, қорықпай шанышса – батыр болады» деді. Бердіқұлов та, Жамбаев та осы екі қасиеттің екеуі де тұла бойы тұнып тұрған рухы биік данышпан батыл, батыр тұлғалар.
Осы ұрпақтың шет пұшпағын көріп қалған мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Оқу, тоқуы аз еді, сонан келе, ой жарықтықтар-ай әдебиет пен өнердің нағыз жан ашыры еді, біз сияқтыларды көрсе бауырына тартып үйіріле келетінін қайтерсің. Өзгелерді қайдам, ал өзімді әлі күнге солардың күпісінен шыққандай сеземін.
(Автордың өтініші бойынша лауазымы, кейбір сөздер өзгеріссіз қалды)
Әбді-Жамил НҰРПЕЙІС,
СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
«Егемен Қазақстан»
Комментарии 3