ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ЖЕКЕ КІТАПХАНАСЫНДА ҚАНША КІТАП БАРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Қазіргі таңда облыстық кітапхана қоры 8 мың данаға жуық кітаппен толықты. Осы рухани азықтың шашауын шығармай, жоғалтпай жеткізген Қалтай ағаның жары Фарида Бекжанқызы мен ұрпақтары Жәмила мен Алтай Мұхамеджановтар.
Қ.Мұхамеджанов кітапханасының қорында белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің өзіндік қолтаңбаларымен кітаптар бар. Сонымен қатар кітапханада жазушының көп жылдар бойы пайдаланған жеке заттары: жазу үстелі, орындығы, жазу құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті қойылды. Жазушының айтулы мерейтойларында жер-жерден келген ақ тілекке толы құттықтау хаттар да осы жерден орын алған. Жазушы отбасының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, белгілі қайраткерлермен, оқырмандармен түскен фотосуреттерімен де танысуға болады. Құнды дүниелердің бірі - Елбасының жазушыға арнайы сыйға тартқан шапаны.
Қалтай Мұхамеджановтың жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы игілікті істердің бастамасы. Құнды әдебиеттер кітапхананың қорын толықтырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.
Қ.Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде күрескерлік қабілетімен, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды.


