ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша 2017 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Оған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы және судьясы Әділхады Шығамбаев, баспасөз қызметін үйлестіруші Артур Наримов қатысты.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаевтың айтуынша, 2017 жылы бірінші саты соттарының өндірісіне 32694 талап-арыз бен азаматтық істер түсіп, 31526 азаматтық іс аяқталған.
- Қызылорда облыстық соттарында есепті кезеңде медиация тәртібімен 481 қылмыстық және 1239 азаматтық, 504 әкімшілік, партисипативтік рәсім тәртібімен – 68 іс, татуласу келісімімен - 86 іс қаралды, - дейді Ә.Шығамбаев.
Сонымен қатар, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет сыбайлас жемқорлық санатында 71 адамға қатысты қылмыстық іс қаралғандығын атап өтті. Оның айтуынша өткен жылы бірінші саты соттарының өндірісіне 2018 қылмыстық іс түсіп, қалдықтағы 64 істі қосқанда өндірісте барлығы 2082 қылмыстық іс болған.
Жиынды қорытындылаған баспасөз қызметін үйлестіруші Артур Наримов облыс соттарында құқықтық кеңес беру орталығы ашылғандығын хабарлады. Орталық Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында биылғы 13 ақпаннан бастап жұмыс жасап жатыр. Халыққа құқықтық қызмет көрсетіп, сотқа дейінгі дауды шешу мақсатында ашылған орталық тегін қызмет атқарады.