КЕШКЕ ДЕЙІН ГАЗ БЕРІЛЕДІ
Табиғи газдан уақытша ажырап қалған Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлерге қатысты мәселе бүгін реттеледі. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте сала басшылары мәлімдеді.
Еске салсақ, кеше, яғни 14 ақпан күні облыс орталығындағы АГРС-2 желісінде апатты жағдай тіркелді. Осыған байланысты құзырлы мекемелер дер кезінде жергілікті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау жөнінде хабарлама таратты. Атап айтқанда, газ қондырғыларын ажыратқыш краннан үзіп, бөлмелерді желдетіп, қосымша хабарлағанға дейін газ қондырғаларын қоспауды ескертті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин айтқандай, қала халқын табиғи отынмен қамтамасыз ету мақсатында ірі кәсіпорындарды газдан ажыратуға тура келген.
– «Ақшабұлақ» кенішіндегі «Кристалл менеджмент» серіктестігіне қарасты электр стансасының тұтыну көлемін азайттық. Қызылорда жылу электр орталығын жаппай резервтік мазутқа көшірдік. Кеше кешке дейін АГРС-2 желісіне тиесілі газ реттеуші пункттерді АГРС-1 желісіне ауыстырдық. Бірақ КБИ және Тасбөгет шағын аудандарындағы 5 газ реттеуші пункт қосылмай қалды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түн ішінде жұмыс жүргізе алмадық. Бүгін таң атысымен аталған шағын аудандардағы пункттерді іске қосып, газ бере бастадық, – деді басқарма басшысы.
Апатты жағдай тіркелгеннен кейін кеше Қызылордада көппәтерлі екі үйде газ жарылды. Құтқарушыларға алғашқы хабарлама Тайманов көшесіндегі №1 үй тұрғындарынан түскен. Жарылыс салдарынан төменгі қабаттағы пәтер балконы құлап түскен. Абырой болғанда зардап шеккен адам жоқ.
Брифингте қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістің филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сәтмағанбетов балконды қалпына келтіру үшін үй тұрғындарына көмек көрсетілетінін жеткізді. Сала басшылары жалпы мәселенің бүгін кешке дейін реттелетініне сендірді.
– АГРС-2 желісіндегі апаттың не себепті шыққанын анықтау мақсатында комиссия құрылды. Бүгінде анық-қанығы тексеріліп жатыр. Ал қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын, – деді Б.Сәтмағанбетов.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».