АЛКОГОЛЬ ӨНІМДЕРІНІҢ САУДАСЫНА ЛИЦЕНЗИЯ АЛУ АЙТАРЛЫҚТАЙ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің құзырындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Биылғы жылдың соңына дейін кәсіпкерлер үшін алкогольдік өнімдерді сақтау, көтермелеп және жекелеп сатуға лицензия алу айтарлықтай жеңілдейді.
Қазір кәсіпкерлер алкоголь саудасына 4 құжат жинаса, болашақта тек қана электрондық үкімет порталында мәліметтер формасын ғана толтырып, мемлекеттік баж салығын төлеп, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) қоюы жеткілікті. Ал өзге де қажетті мәліметтерді мемлекеттік органавтоматты түрде тиісті ақпараттық жүйелерден алады.
Сондай-ақ, рұқсатқа қол жеткізу мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен бір күнге дейін қысқарады. Ал этил спирті мен темекі өнімдерін шығару лицензиясын алу мерзімі 15 (он бес) күннен 10 (он) жұмыс күніне дейін шегеріледі.
Еске сала кетейік, Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда алкоголдік өнімдерді сақтау және жекелеп сату лицензиясының құны 100 АЕК, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарда – 70 АЕК, ауылдық елді-мекендерде – 30 АЕК, сондай-ақ, көтермелеп сату және сақтау лицензиясы 200 АЕК құрайды. Рұқсатты қайта рәсімдеу – лицензия берілгендегі төлемнің 10%, көшірмесін жасату – 100% құрайды.