ГАЗ ҚҰБЫРЫНДАҒЫ АҚАУ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛУДЕ
Облыс орталығына табиғи газ АГРС-1 мен АГТС-2-ден шығатын магистралды газ құбырлары арқылы беріледі.
Бүгін сағат 11:35 шамасында қала іргесіндегі №2 автоматтандырылған газ реттегіш станциясынан ақау шығып, жұмысы уақытша тоқтатылды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының бригадалары қосалқы нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізуге кірісті.
Осыған байланысты «Qyzylorda» телеарнасына сұхбат берген мамандардың айтуынша, ақау құбырлардың ажырап кетуінен шыққан көрінеді.
Газ құбырындағы ақауға байланысты біз «Қызылорда жылу электр» орталығын резервтік отын – мазутқа көшірдік. Ал қалаға газ АГРС-1-дің магистралды құбыры арқылы берілуде. Ешқандай мәселе туындап отырған жоқ, – дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усайн.
Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сәтмағамбетовтің айтуынша мамандар ақауды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаны зерттейтін арнайы комиссия құрылған.