ТӨЛҚҰЖАТТАРДЫ 2021 ЖЫЛДАН БАСТАП ЛАТЫН ӘРПІМЕН БЕРУ ЖОСПАРЛАНУДА
Қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысу кезеңдері туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Үкімет отырысы барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
"Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен ауысудың жоспары әзірленді. Бірінші кезең 2018-2020 жылдарға жоспарланған, бұл уақыт аралығында нормативтік-құқықтық базаны жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілетін болады. Латын графикасы негізінде дұрыс жазу қағидалары шығарылып, латын графикасына аудару бойынша ІТ-қосымшалар дайындалатын болады", - деді мәдениет және спорт вице-министрі.
Ал латын графикасына көшудің екінші кезеңі 2021-2023 жылдарға есептелген. Е.Қожағапановтың айтуынша, бұл уақыт аралығында төлқұжаттар, жеке куәліктер мен басқа да құжаттарды латын әрпімен беруді енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшуге байланысты филолог-ғалымдардың қатысуымен курстар мен семинарлар ұйымдастырылатын болады.
"Үшінші кезең 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Аталған жылдарда мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, мемлекеттік БАҚ, сонымен қатар құжат айналымы бойынша басқа да жұмыстар латын графикасына ауыстырылмақ", - деп атап өтті Ерлан Қожағапанов.
Вице-министр мәдениет және спорт министрлігінде осы жұмысты үйлестіру бойынша "Тіл қазына" орталығы құрылатынын хабарлады.