5 ЖЫЛДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 200 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН БОЙ КӨТЕРДІ
Сонымен қатар 2013 жылға дейін «сақалды құрылыс» саналған 34 ірі әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.
«Соңғы 5 жылда әлеуметтік саланың 200 нысаны пайдалануға берілді, бұл денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары. Біз 2013 жылдың басына дейін күрмеуі шешілмеген проблема саналған миллиардтаған қаржының сақалды құрылысын, 34 әлеуметтік нысанды салып бітірдік», - деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Сонымен қатар аймақта үш ауысымды білім беру мәселесі мерзімінен бұрын орындалды, апатты мектептер проблемасы шешілді. Жуырда жерасты суының көтерілуіне байланысты № 34 мектеп те апатты деп танылды. Әкімдік жаңа мектеп ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін салуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, аймақта 5 жыл ішінде 45 мектеп, оның 37-сі апатты нысандардың орнына салынды.
«2015 жылы біз 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтып, республикада алғаш болып «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асырдық. Аймақтағы балабақшалардың 71% мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істейді. 5 жылда олардың қатары 2 есеге артты», - деп хабарлады облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда аймақта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында кәсіптік-техникалық білім беру, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы, дарияның сол жағалауын игеру салалары бойынша 60 жоба жүзеге асып жатыр.