TIMSS: СЫР ТҮЛЕКТЕРІ СИНГАПУРЛЫҚТАРДЫ БАСЫП ОЗДЫ

– 2015 жылдың сәуір айында «TIMSS – 2015» халықаралық зерт¬теуіне қатыстым. Ол кезде 8-сыныпта оқыған болатынмын. Зерттеу барысында функционалдық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік алдық. Көшбасшылық, икемділік секілді қасиеттерді бойымызға сіңіріп, туындаған мәселені шеше білуге, ойымызды ашық білдіруге дағдыландық. Ең бастысы, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Бұл үшін жаратылыстану-математикалық бағытта баулыған ұстаздарымызға алғыс білдіреміз. Биік белестен көрінуіміз – солардың арқасы, – дейді №23 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Асанәлі Әбділлә.
Айта кетейік, TIMSS зерттеуі алғаш рет 1995 жылы өткізіліпті. Тұрақты төртжылдық циклдың жүргізілуі 4 және 8 сынып оқушыларының жетістіктеріне, бастауыш мектептен негізгі мектепке көшу барысындағы математика мен жаратылыстанудан білім беруде болатын өзгерістерге мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зерттеу барысында еліміздегі жалпы білім беру сапасына әсер ететін факторларды анықтауға, белгіленген стандарттардың мазмұнын салыстыруға бағытталған сауалнама жүргізіледі. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған байқауға аймақтағы 13 мектептен 857 оқушы қатысқан. Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының 4 сынып оқушылары жалпы рейтингте үздік 5 мемлекеттің көрсеткіштерімен салыстырмалы және одан да жоғары нәтижелерді көрсетті. Келесі зерттеу 2019 жылы жүргізілмек.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».