ЕҢБЕКПЕН КӨРКЕЙГЕН ӨҢІР
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта орындалатын міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз-конференциясын өткізді.
Баспасөз конференциясына республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдерімен қатар, әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлер қатысты. Баспасөз конференциясында Сырдария ауданы әкімінің орныбасары Балшекер Өтегенова 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды. Былтырғы жыл аудан үшін табысты болғанын айтқан аудан басшысының орынбасары жоспарлар артығымен орындалғанын жеткізді. Сонымен бірге, барлық салада өсім бар екенін атап өтті.
– Жаңа 2018 жылды аудан тұрғындары мен еңбеккерлері табысты да мерекелі көңіл-күймен қарсы алды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Бүгінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Ерекше «экономикалық кезеңге» қарамастан 2017 жыл – ауданымыз үшін жетістіктер мен жаңалықтарға толы табысты жыл болды. Аудан бойынша 2017 жылы 2091 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда жұмыспен қамтылғандар саны 5780 адамды құрады. 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 12,2 пайызға өсті. 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі төрт есеге ұлғайып, 14,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен 10,7 пайызға, ал 2013 жылмен салыстырғанда 55,7 пайызға дейін артты. 2017 жылы аудан экономикасына 52 млрд. 581 млн. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артық орындалды, - деген аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізіле беретінін айтты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше басымдық берілетінін мәлімдеді.
Баспасөз-конференциясында БАҚ өкілдері өздерін толғандырған тақырыптар бойынша сұрақтар жолдап, тиісті жауаптар алды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі