КҮРІШ ҚАУЫЗЫН ДА КӘДЕГЕ АСЫРУҒА БОЛАДЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мүшелерінің алдында атқарылған жұмыстарға есеп берген Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов агроөнеркәсіптік кешен саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұсынысын да жеткізді.
Палата директорының айтуынша, бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын 7293 субъекті тіркелген. Оларда 34 144 маман жұмыспен қамтылған. Бұған қоса, соңғы 2 жылдың ішінде аймақта 3051 заңды және жеке тұлғаның басын біріктірген 249 бірлік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Айта кетейік, оның 110-нан астамы өңірлік палатаның сүйемелдеу жұмыстарының көмегімен құрылды.
Палатаның жобаларды сүйемелдеуі нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалынан 31 кооператив (928 заңды және жеке тұлға) 3,2 млрд. теңгеге, сонымен қатар «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нан 10 кооператив (211 заңды және жеке тұлға) 152,4 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Ғалымбек Жақсылықов хабарламасы барысында саладағы өткір мәселелерге де тоқталып өтті.
Оның айтуынша, облыста өткен жылы 530 мың тонна күріш жиналған. Қара күріш өңделгеннен кейін оның 17-20 проценті қауызға айналатыны белгілі. Өкінішке қарай, бізде күріш қалдығы – қауызы кәдеге асырылмайды. Сонда жылына шамамен 90-100 мың тонна қауыз далалық жерде (алқаптарда) өртеледі немесе бос жерлерге қоқыс сияқты тасталады. Сол күріш қауызында лигнин деген зат болады. Лигнин дегеніміз (лат. lignum-ағаш) түтікті өсімдіктердің жасушасында кездесетін күрделі полимерлі қосылыс. Күріш қауызының 70 процентін қоректі заттар, 10 процентін әртүрлі дәруменді заттар құраса, қалған 20 процентін осы лигнин құрайды. Лигниннің ең басты зияны малды азық ретінде қолданғанда тітіркендіреді, күн көзіне бұзылмайды және топырақ қабатында шірімейді.
«Лигниннен құтылудың екі ғана жолы бар: күріш қауызын майдалап турау және қатты қысыммен қысу арқылы формасын бұзу. Ізденіс нәтижесінде Оңтүстік кореялық компанияда күріш қауызын түрлендіретін қондырғы бар екенін білдік. Бұл қондырғыда лигниннен құтылудың 2 түрі де бар, яғни майдалап турау және қатты қысыммен қысу арқылы күріш қауызының лигниндік байланысын бұзып, оның қасиеттерін өзгертуге болады. Нәтижесінде пайда болған күріш қауызы оңай шіриді, мал азығына қоспа ретінде пайдаланғанда мал тітіркенбей жейді және асқазанда жеңіл қорытылады. Бұл қондырғыны бүгінгі таңда Оңтүстік Кореялық күріш өңдеушілер кеңінен қолданады. Қызылорда облысындағы бірнеше компания осы қондырғыны сатып алуға ниетті, бірақ бағасы қолжетімді емес (100-180 мың евро). Өңіріміздің экологиялық проблемаларының бірі болып табылатын күріш қауызын кәдеге жарату мәселесінің жалғыз шешімі ретінде отандық күріш өңдеушілерге күріш қауызын түрлендіретін DPX-30 қондырғысын ұсынған болар едік. Сонымен қатар, күрішшілерді аталған қондырғыны алуға ынталандыру мақсатында, қондырғы құнының 50 процентін субсидиялау мәселесін көтеру туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныс беріп отырмыз», - деді палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
Жоғарыда аталған технологиямен күріш қауызын өңдеген жағдайда, күріш компанияларының кірісі өсіп, экологиялық мәселе шешіліп, тиісінше бюджетке салық кірісі өседі.
Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан қажетті құрал-жабдықты жеткізуші кореялық, қытайлық және германиялық жетекші компаниялармен байланыс орнатып беруге дайын екендіктерін жеткізуде.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі