БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҢ ДАМУЫ ҚАРҚЫНДЫ
Қызылорда облысында дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші ол тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда 2017 жылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 27,1 пайызға ұлғайып, 211 271 адамға жетті. 9 спорт кешені пайдалануға берілді, 138 елді мекенге 282 спорт нұсқаушысы тартылды.
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1571 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 450 мыңнан астам адам қатысты.
Қазақстан Республикасы чемпионаттарына қатысқан облыс спортшылары 204 алтын, 248 күміс және 345 қола медаль иеленген болса, Азия және әлем чемпионаттарынан 28 алтын, 27 күміс, 37 қола медаль алды.
2 – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi, 6 – ҚР халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, 58 – ҚР спорт шебері, 899 ҚР спорт шеберіне үміткерлер мен І разрядты спортшылар дайындалды.
«Қайсар» футбол клубы Қазақстан чемпионатының Премьер-Лигасында 6 орынды иеленді, маусымды «Байқоңыр» футбол клубы да сәтті аяқтап 5 орын алды.
Мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева VІІІ қысқы Азия ойындарынан қола медаль иеленді.
Сондай-ақ, шахматтан оқушылар арасында Әсел Серікбай 2 дүркін әлем чемпионы атанса, тоғызқұмалақтан Хәкімжан Елеусінов 3 дүркін әлем чемпионы атанды.
Бокстан Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, қазақ күресінен Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алды.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында өткен ҚР VI «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында облыстың құрама командасы жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді.