САУСАҚ ІЗІН МІНДЕТТІ ТІРКЕУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы бойынша, саусақ ізін міндетті тіркеуден өткізу талабы кезең-кезеңмен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламентінің қабырғасында талқылануда.
Сонымен, саусақ ізін және биологиялық үлгілерді кімдер тапсыруға міндетті? Саусақ іздерін барша Қазақстан азаматтары тапсыратын болады. Бұл талап паспортты, жеке куәлікті және теңізшінің куәлігін алу кезінде орындалады. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар паспортты алу кезінде саусақ іздері тек олардың рұқсатымен ғана алынады. 12 жастан кіші балалар тіркеуден өткізілмейді.
Шетелдіктерден Қазақстан заңдарын бұзған және елден шығарылуға жататын тұлғалар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуі тиіс болады. Сонымен бірге шетелдіктер виза алу кезінде де аталмыш тіркеуге ілігеді. Бұл олардың тұлғасын шекарадан өту кезінде анықтау үшін қажет.
Дактилоскопиялық тіркеуден өтуге босқындар, мигранттар мен тұрақты тұрғылықты жерге ыxтиярxат берген (вид на жительство) шетелдіктер міндеттеледі. Ал геномдық тіркеуге қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша сотталғандар, биологиялық материалы тергеу барысында алынған тұлғасы анықталмаған адамдар, танылмаған мәйіттер жатқызылады. Хабарсыз кеткен азаматтардың туыстары геномдық ақпаратты олардың жазбаша келісімімен ерікті түрде тапсырылатын болады.
Саусақ ізін тапсырудан бас тартқан азаматтарға жауапкершілік бар. Дактилоскопиялық тіркеуден бас тартқан қазақстандықтарға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, дактилоскопиялық тіркеуден бас тартқан шетелдіктер Қазақстан аумағынан шеттетіледі.
Саусақ таңбаларын жинау және биологиялық үлгілерді іріктеу рәсімі «қарапайым, жылдам өтеді, қауіпсіз әрі қиындық тудырмайды», деп сендірді Қазақстанның Ішкі істер министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.
Саусақ таңбалары электрондық дактилоскопиялау жүйесін пайдалана отырып, бояусыз әдіспен қолданылатын болады. адам қолын дактилоскопиялық сканерге қояды. Ал егер ондай техникалық мүмкіндіктер болмаған жағдайда, қағаз тасымалдағыш - дактилокартаға арнайы бояудың, валиктің немесе штемпельді жастықшаның көмегімен де жүзеге асырылатын болады. Биологиялық үлгілер бір реттік стерильденген тасымалдағыштарға алынатын болады. коллектормен буккальді тіндердің үлгілерін алу үшін ауыз қуысының ішкі жағы бірнеше рет сүртіледі.
Саусақ таңбаларын жинау ішкі істер органдарының міндеті болмақ. Виза беру кезінде бұл міндет Сыртқы істер министрлігінің шетелдік бөлімдеріне жүктеледі. Геномдық ақпараттарды ішкі істер органдары Әділет министрлігінің сот-медициналық сараптамасы органдарының көмегімен жинайды. Барлық ақпарат электронды құпияландырылған түрде бір ақпараттық базада сақталады.
Дактилоскопиялық ақпараттарды қашан және қандай жағдайларда қолданылатыны заңмен нақты бекітіледі.
Қанша қаражат жұмсалады?
2018-2023 жылдары Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді енгізуге 37 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Негізгі шығыстар техникалық тұрғыда ҚР шекаралық қызметін қайта жабдықтауға және ДНҚ зертханаларына бағытталмақ.
Не үшін керек?
Заң жобасының мақсаты – дактилоскопиялық және геномдық ақпарат негізінде адамның тұлғасын сәйкестендіруді нақтылаудың құқықтық негіздерін бекіту. Көрсетілген міндеттерге сәйкес, мемлекеттік дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің құқықтық негіздерін, негізгі түсініктерді, ұстанымдарды, ақпаратты жинау мен өңдеуге тиісті талаптарды айқындау ескерілген.
Дактилоскопиялық ақпарат тұрғысында адам қолы саусақтары папиллярлы өрнектернің құрылысы туралы биометрикалық мәліметтер қамтылады. Бұл өз кезегінде адамды және оның жеке мәліметтерін анықтауға мүмкіндік береді.
Геномдық ақпарат дегеніміз, бұл адам ДНҚ-сының белгілі бір фрагменті туралы кодталған деректерді жинайды. 1992 жылы Қазақстан құжаттардың биометрикалық параметрлері туралы халықаралық келісімді ратификациялады.
Қазіргі кезде тұлғаны куәландыратын 11 құжаттың жетеуінде биометрикалық көрсеткіштерді енгізу қарастырылады. Біздің төлқұжаттар мен жеке куәліктерде электронды чиптер бекітілген, бұлар арқылы биометрикалық мәліметтерді енгізуге болады.
Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Заң жобасын қабылдау жеке басты куәландыратын құжаттарға тұлғаны сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу қажеттілігінен туындап отыр. Халықаралық тәжірибе
Мұндай технологиялар батыстың көп елдерінде бұрыннан бері енгізілген. Мысалы, құжат иесі туралы биометрикалық мәліметтер, оның ішінде саусақ іздері бар құжаттар 2004 жылдан бері АҚШ-та, 2007 жылдан бері Еуропа елдерінде қолданыла бастады.
Паспортты беру кезінде дактилоскопиялық таңбаларды тіркеу жұмысы 2009 жылы Түркияда қолға алынса, Қытайда толығымен аяқталған. ТМД елдері ішінде - Ресей 1998 жылы Дактилоскопиялық тііркеу туралы заңды, 2008 жылы Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заңды қабылдаған бірінші ел болды.
Осыған ұқсас заңдар Әзірбайжанда, Беларусьта, Тәжікстанда, Молдовада және Өзбекстанда қолданыста.
Жалпы, бүгінгі күні 100 мемлекет биометриялық тіркеу бойынша ұлттық жобаларды енгізуде. Себебі, мұндай құжат иесін автоматты верификациялауға мүмкіндік береді.