ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ: ОБЛЫС ҚОЙМАЛАРЫНДА 19 000 ТОННА КӨМІР БАР
Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында айтылды.
Сапар барысында Министрліктің, Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері Екібастұз көмір алабын аралап өтті ("Майкубен-Вест" ЖШС, "Богатырь көмір" ЖШС және "Восточный" көмір разрездері), деп хабарлайды BNews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұз қаласының әкімдігінде көмір өндіру көлемі және еліміздің көмір өндіретін кәсіпорындарын дамыту мәселелері бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа Министрліктің, әкімдіктің, "Қазақстан Темір Жолы" ҰК АҚ өкілдері, "Майкубен Вест" ЖШС, "Богатырь көмір" ЖШС, "ЕЭК" АҚ, "Шұбаркөл көмір" АҚ және "Қаражыра" АҚ көмір разрездерінің басшылары қатысты.
Жиналыс барысында ведомство басшысы Қ.Бозымбаев коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа көмір жеткізу жұмыстарына тиісті бақылау жүргізілмегендіктен қатты аяз кезінде бірқатар өңірлердің дайындықтарының жеткіліксіздігін атап көрсетті.
"Халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Көмір өндіретін кәсіпорындар "Қазақстан Темір Жолы" ҰК АҚ бірлескен түрде коммуналдық-тұрмыстық сектордың және халықтың қажеттілігін толық және уақтылы қамтамасыз етулері қажет", - деп атап өтті Қ.Бозымбаев.
Ведомство Үкіметке өңірлерге көмір жеткізу кезіндегі кідірістер мәселесін түпкілікті бір жолға қоятын бірқатар ұсыныстарды енгізуді жоспарлап отыр. Разрездерден көмірді жөнелту сызбасы қайта қарастырылады. Көмірді халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігіне жеткізу басты орында тұратындығы, содан соң отынның жылу электр станцияларына жөнелтілетіндігі, ал ең соңында экспортқа шығарылатындығы жөнінде айтылып өтті.
Қазіргі таңда көліктік инфрақұрылымға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер порттарына дискриминацияға ұшырамаған рұқсатнама беруді қамтамасыз ету арқылы экспорттық жеткізуді кеңейту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Финляндияға және Жапонияға экспорт кеңейді, сондай-ақ Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қызығушылық танытуда.
6 ақпанға дейінгі жағдай бойынша еліміздің барлық облыстарында халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігіне көмір жеткілікті. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы қоймаларда және темір жол тұйықтарында көмір бар, халықтың қажеттілігі қанағаттанарлық деңгейде. Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан, Ленгір, Сарыағаш қалаларында және өңірлерде көмір бар. Барлығы облыс қоймаларында 19000 тонна көмір жинақталған.