ЖЕКЕ МЕНШІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘРІПТЕСТІГІ
Биыл елімізде алғаш рет Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарлауда.
2018 жылғы қыркүйек айынан бастап Шымкент қаласының жекеменшік мектептерінде жергілікті бюджет есебінен 3310 орынды қамтамасыз ететін мемлекеттік тапсырыс орналастырылмақ. Ал қыркүйектен бастап астаналық мектептерде орналастырылатын 3721 орындық мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Айта кетейік, биылғы қаңтардан бастап Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған «Сымбат» мектеп-интернатында 600 орындық мемлекеттік тапсырыс орналастыруға қаражат қарастырылды.
Осылайша, жекеменшік мектептер жүйесі мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдау нәтижесінде аталған аймақтарда 2022 жылға дейін 56300 оқушы орнын қамсыздандыратын 89 жаңа мектеп ашылмақ.
Астана, Шымкент және Ақтөбеде апробациядан өткізілетін мектеп басқарудың жаңа үлгісі ел ауқымында таратылады. Жан басына қаржыландыру басқа да өңірлерде, халықтың демографиялық өсу жағдайы жоғары облыс орталықтарында енгізіледі.
Министрлік жекеменшік балабақшалар құрылысындағы жетістікті орта білім саласына да таратуды көздейді.
ҚР БҒМ Баспасөз қызметі