ЖЫР АРҚАУЫ – АСТАНА
Қызылордада Астананың 20 жылдығын арқау еткен жыр сайысы басталды. Сырбойылық өрендер елорда туралы төл туындылары мен тың шығармаларын оқып, өзара жарысқа түсіп жатыр. Бейнеэстафетаны 40 жылдық тарихы бар №7 мектеп оқушылары бастады.
Сайысқа қатысушы Алаштың айбынына айналған Астана жайлы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Әдеби мамандардан жасақталған алқа үздік поэзиялық шумақтарды анықтайды. Жыр жауһарын тереңнен сапырған жеңімпаздар облыстық кезеңге жолдама алады. Жас ұрпақты отанды сүюге, ел рәміздерін қастерлеуге, туған жерін құрметтеуге шақыратын байқауға қатысушы жастардың қатары күн санап артып келеді.
Нұрайым Зиядан, қатысушы:
Астанам, ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым.
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозығым, боз беткейлім баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай
Айналдың Астанаға аппақ арман.
Сан ғасыр армандаған алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа жаратқан, жол аш маған.
Ләйлә Құдабаева, №7 орта мектеп директорының орынбасары:
– Бұл шараның мақсаты оқушылардың Елорда туралы түсінігін кеңейту, оқушылардың сөйлеу дикциясын қалыптастыру, Елорданың өткен және өсу-өркендеу тарихын білуге қызығушылығын арттыру. Шығармашыл ұстаздар арқасында оқушыларымыз облыстық, қалалық, республикалық деңгейде олимпиада, ғылыми жоба және сайыстарға қатысып, жүлделі орындармен марапатталып келеді.