ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТАЛҚЫЛАҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ
Байқоңыр қалалық сотында «Қылмыстық-процестік кодекстегі өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында конференция өтті.
Іс-шараға Байқоңыр қалалық сотының төрағасы Марат Тұрғанбаев, судьялар – Елена Шевцова мен Асыл Изтелеуова, қала прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Азамат Баянбайұлы, Байқоңыр қаласының адвокаттары, ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қасым Абуов, тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нүркен Белгібаев, тергеу және анықтау бөлімдерінің тергеушілері мен анықтаушылары қатысты.
Жиынды ашқан сот төрағасы М.Тұрғанбаев қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2017 жылдың 12 айын қорытындылаған жиында айтылған бірқатар мәселелерді атап өтті.
Байқоңыр қаласы прокуроры А.Баянбайұлы: «Бұйрықтық іс жүргізу қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша заң нормасында көзделген негіздерге сәйкес болған жағдайда қолданылады. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, іс келіп түскен кезден бастап 24 сағаттан кешіктірмей, ал күдікті күзетпен ұсталатын істер бойынша 8 сағаттан кешіктірмей, ол бойынша заңда көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды» - деді.
Сонымен қатар, судья А.Изтелеуова бұйрықтық іс жүргізу барысында туындауы мүмкін сұрақтарға қосымша тоқталды.
Қалалық тергеу бөлімінің бастығы Н.Белгібаев «Электронды қылмыстық іс жүргізу ерекшеліктері мен айырмашылықтары» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі таңда Байқоңыр қаласында электронды қылмыстық іс жүргізуді бастау мүмкін болмай отырғанын, дегенмен мамандардың дайын екенін, электронды форматтағы іс жүргізудің қағаздағы форматтағы іс жүргізуден айырмашылығын айтып, іс бойынша шығарылатын қаулылардың дайын үлгісі негізінде жасалатынын жеткізді.
Адвокат Е.Жамбылбаев кездесу барысында айтылған жаңашылдықтарға қатысты электронды іс жүргізу сотталушылар үшін де, қорғаушылар үшін де өте тиімді екеніне тоқталып, пікірін білдірді.
Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, қала прокуроры айыппұл жазасының орнына қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын көбірек қолдануды ұсынды. Себебін адамдардың материалдық жағдайына байланысты қазіргі кезде айыппұл жазасының тиісінше орындалмай жатқанын тілге тиек еткен прокурор бұл тәсілдің тәрбиелік маңызының да зор екенін, бұл тәсіл шет елдерде көп қолданылатынын айтты.
Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі