АСТАНАНЫҢ 20-ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ЕЛОРДАДА ҒАРЫШ МУЗЕЙІН САЛМАҚ
Бұл туралы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы қала әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
«Байқоңыр ғарыш айлағы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сондықтан Астананың мерейтойына ашық аспан астында орналасатын, «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макеттерінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясының құрылысын салуды ұйғардық»,- деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында қала әкімі Қызылордадағы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа да маңызды бағыттары туралы айтты.
Облыс әкімі қалада жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ағымдағы жылға арналған жоспарларды айқындап, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Осы жылы біз - Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығын жоғары деңгейде атап өтетін боламыз. Бұл екі мерейтойдың біздер үшін тарихи маңызы ерекше. Себебі, Астана – Тәуелсіз еліміздің елордасы болса, Қызылорда - 1925-1929 жылдары еліміздің тұңғыш астанасы мәртебесін иеленіп, ұлтымызға ресми түрде ҚАЗАҚ деген атауды алып берген тарихи шешімдер ордасы. Жыл бойы көптеген халықаралық, республикалық және облыстық іс-шаралар ұйымдастырылып, ауқымды нысандар ашылады.Оның бірі – Қазақ Орталық Атқару Комитетінің байырғы ғимаратының үлгісінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы»,-деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы көбірек назар аударуды қажет ететін салаларды атап өтті. Мысалы, облыс орталығына тартылатын инвестициялар көлемі мен өңдеу өнеркәсібінің үлесі азайған. Ал, жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Осыған байланысты өңір басшысы облыс орталығына инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және қалада жұмыссыздық деңгейін азайту туралы тапсырма берді.
«Мен әрдайым барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту туралы 3 міндет қойып келемін. Ал, қазіргі таңда бұл міндеттерді түпкілікті шешудің бір ғана жолы бар – ол жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Сондықтан, осы салаға ерекше мән беріп отырмыз»,-деді Қ.Көшербаев.