ҚАЗАҚСТАНДА ЕСКІ ӘСКЕРИ ТЕХНИКА САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛМАҚ
Еліміз сонау кеңес кезеңiнен келе жатқан әскери техниканы жөндеп, сыртқа сатпақ. Ал жөндеуге келмейтiндерін жояды. Бұл ел iшiнде қару-жарақтың көлеңкелi айналымының алдын алу үшін қажет.
Еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi министрi Бейбiт Атамқұлов осылай деп мәлімдеді. Мәжілісте «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» және кейбір заң актілеріне қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Онда белгілі болғандай, өз ғалымдарымызға мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі берілмек. Сонымен қатар елімізде қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құру көзделіп отыр.
Бейбiт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi министрi:
– Министрліктің құрылуының арқасында бiз әскери маңызды өнiмдердiң экспортын екi есе, яғни 100 пайызға ұлғайттық. Өнеркәсiптiк өндiрiс көлемi 14 пайызға артты. Жекеменшiк инвесторлар көбейді. Біз пайдаланылмайтын мүліктерді пайдалану құқығын екі кезеңмен іске асыруды ұсынып отырмыз. Біріншісінде министрлікке пайдаланылмайтын әскери мүлікке билік ету құзіретін бекіту ұсынылады. Екінші кезеңде бюджеттік комиссия шарттарын мақұлдап, қаржы бөлінген жағдайда әскери бөлімдерде сақталып тұрған техникадан босату шарасы қамтылады.
Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазір қорғаныс өнеркәсібі үлкен жұмыс істеп жатыр. Өз елімізде қару-жарақ шығарамыз. Тағы да басқа заттар шығармақшымыз. Бөлінген ақша өзімізге келеді. Жастарымызға жұмыс табылады. Жұмыс тобы көптеген мәселе қарады.
24.kz