КӘСІП АШУ ҮШІН МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЛУДА
Елді мекендерде кәсіпкерлікті өрістету, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың шарттарын, оның тиімділігі мен мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіру мақсатында Қызылорда қаласына қарасты 2 кент және 7 ауылдық округте қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен көшпелі отырыстар өткізілді.
Шараның басты мақсаты – ауылдарда шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту, яғни халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру.
Көшпелі жиындарға қала әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы және «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемелерінің өкілдері қатысып, кәсібін ашамын деген тұрғындарға шағын және орта бизнесті елді мекендерде дамытудың мүмкіндіктері жайында толыққанды мәлімет берді.
Кездесулерде өз ісін бастаймын деген азаматтардың несие алуына, оған қажетті құжаттарды дайындауға жергілікті әкімдік тарапынан тікелей қолдау көрсетілетіндігі айтылды.
Түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде елді мекендерден өз кәсібін ашуға ниет білдірген 197 тұрғын анықталып, оның 159-ы бизнес тетіктерін оқуға тіркелді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.