ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРЫ САПАЛЫ ЖЕРАСТЫ СУ КӨЗІНЕ ҚОСЫЛДЫ
Мәселен, Қармақшы ауданы 100 пайызға жуық сапалы жерасты су көзіне қосылды. Өткен жылы 1 миллиард теңгеге ауданның ең шалғай деген 7 елді мекеніне таза су жеткізілді. Сондай-ақ бас су тоғаны жаңғыртылып, тіршілік нәрін тұщыландыратын құрылығылар орнатылды.
Бөгенбаевтар отбасының бүлдіршіндері бүгінде суды шүмектен бірден ағызып, мейірлене ішеді. Өйткені үйді-үйге өлшеуіш құралымен қосылған тіршілік нәрінің сапасы өте жақсы. Бұған дейін талай жыл құдықтан тартып, тасымал суды пайдаланған ауылдықтар қазір таза судың игілігін көріп отыр.
Мейрамбек Бөгенбаев: Жосалы кентінің тұрғыны:
– Бұрын кішкентай кезімде талай Сырдариядан иін ағашпен су тасыдық. Фляг арқалап, су іздеп жүретін едік. Қазір үйге су кіріп, жақсы болды біраз. Балаларға да жылы, салқын су бәрі бар. Көрші-көлем бәрі риза, барлығының үйінде су ағып тұр. Әйтеуір су тоқтамайды.
Жазғытұрым Жосалы кентінде су тапшылығы туындайтын. Себебі ескі су сақтау қоймасының мүмкіндігі аз еді. Осы ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 мың текше метрлік жаңа резервуар орнатылып, Германияның қуаттылығы жоғары автоматты қондырғылары әкелінді. Сондай-ақ судың тұздылығын азайту бекеті іске қосылды.
Сұлтан Мақашов, Қармақшы ауданының әкімі:
– 29 елді мекеннің 18-і бүгінде толық орталықтандырылған ауызсумен жерасты үзіліссіз, тәулік бойы берумен қамтамасыз етілді. 99,5 пайыз дегенім, қалған 11 елді мекен деп отқаным, негізінен майда теміржол бойында орналасқан разъездер, малшы ауылдар бар. Небәрі 246 адам тұрады онда. Сонда негізінен ауызсумен қамтамасыз ету толығымен шешімін тапты деп айта аламыз.
Топтық су құбырында іркіліс болған жағдайдың өзінде жаңадан салынған су сақтау қоймасы 3 тәулік бойы аудан орталығын тіршілік нәрімен қамти алады. Сондай-ақ бұрынғыдай дария суы пайдаланылмайды.