«САРАТС» ЖОБАСЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Елбасының тікелей бастамасымен табаны құрғаған теңізді қайтару мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынды. Сан жылдардан бері қасіреттен көз ашпаған халық сағымға айналған қуанышты күндерінің қайта оралатына сеніммен қарады. Халықаралық сарапшылар «Ғасыр жобасы» деп атаған «САРАТС-тың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асты.
Өткен жылғы облыс әкімінің халықпен есепті кездесуінде «САРАТС – 2» жобасын іске асыру мәселесі көтерілген болатын. Жобаның екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі өз шешімін тауып, оны дүниежүзілік банк қаржыландыратын болды.
САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру мәселесі өзбек тарапының негізсіз ұстанымынан созылуына байланысты бірінші кезеңіне енгізілген 6 компоненттің 4-уін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджет есебінен бастау жөнінде шешім қабылданды.
Өткен жылы күзде Дүниежүзілік банк сарапшылары «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші фазасын (ПУИД-2) жүзеге асыруға қолдау көрсету және Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігін кешенді дамытудың жобасын талқылау мақсатында Қызылорда облысында келді.
Дүниежүзілік банк САРАТС-2 жобасындағы 6 компоненттің 4-і республикалық бюджет есебінен іске асырылатындығына байланысты, жобаның атауын «Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігін кешенді дамыту жобасы» деп өзгертіп, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты қосымша компонеттерді енгізу жайлы ұсыныс берді.
Осыған орай, «Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (бір деңгейлі немесе екі деңгейлі нұсқа), теңіздің шығыс жағалауында және елді мекендердің бойында көп ярусты "Жасыл белдеуді" құру, айдынның қазақстандық бөлігінде балық қорын сақтау және дамыту, Сырдария өзенінің төменгі жағындағы суармалы жерлерді суару кезінде суды беру және суаруға суды үнемдейтін технологияларды енгізу, теңіз бен Сырдария өзенінің қазақстандық бөлігіндегі қоршаған ортаның жағдайының автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру секілді компоненттер ұсынылды. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банкке жасалған ұсыныстар қатарында теңізді аудандағы жайылымдықтарды суландыру, ауданда эко-туризмді дамыту, теңіздің құрғаған ұлтанына орман мелиоративтік жұмыстар жүргізу де бар.
Қазіргі таңда, Дүниежүзілік Банктің миссиясының өкілдері аталған мәселе бойынша концептуалдық жазба әзірлеуде.