ТЕРЕҢӨЗЕК КЕНТІНДЕ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев Тереңөзек кенті тұрғындарына былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоба-жоспарлар жайлы айтып өтті.
Есеп беру жиынына облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов, мекеме, бөлім басшылары, кент тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есепті кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатын жиында аудан басшысы Ғанибек Қазантаев өткен жыл аудан үшін табысты болғанын атап өтті. Ауданға 44,2 млрд.теңге инвестиция тартылғанын айтып, барлық салада өсім бар екенін жеткізді. Сонымен бірге, жоспарлар артығымен орындалғанына тоқталды.
Есепті кездеуде Тереңөзек кенті әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ұзақбаев аудан орталығында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндаса, Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Нұрболат Қасымханов қылмыспен күрес, алдын алу және болдырмау бағытында атқарылған жұмыстардың есебін берді.