ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫН АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТТЫРДЫ
«Өткен жылы жолаушылар ағынының өсім қарқыны 23%-ды құрады. Бұл соңғы 25 жылдағы үлкен көрсеткіш. Мұндай жетістікке жетуге ЭКСПО-2017 көрмесін сәтті өтуі ықпал етті. Транзиттік жолаушылар өсімі 30%-ды, жүк тасымалы 24%-ды құрады»,-деп мәлімдеді Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, деп жазады mid.gov.kz.
Оның айтуынша, 2020 жылға қарай жолаушылар әуе тасымалын 35%-ға, транзиттік әуе жолаушыларын 2,5 есе және жүк тасымалын 2 есеге арттыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қазақстандық авиациялық билік ИКАО аудитінен сәтті өтті.
«Әуе көлігіндегі қауіпсіздік жүйесін бағалаудың ең маңызды және объективті формасы ИКАО Аудиті болып есептеледі. 2017 жылы қараша айының 22 мен 30 аралығында әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеру жұмысын атқаратын ИКАО Комиссиясы авиациялық қауіпсіздік Аудитін жүргізді. Сараптамалық бағалау 480 мәселе бойынша жүргізілді. Бұл авиациялық қауіпсіздік мәселелерінде ИКАО-ның талаптарының күшейгенін білдіреді. ИКАО сарапшыларының алдын ала бағалауы бойынша Қазақстанда айтарлықтай өрлеу бар және ИКАО рейтингіндегі көрсеткіштерді жақсартатынымызға сенім бар»,-деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, ресми нәтижелер 2018 жылдың 1 ақпанында жарияланады.
Бүгінгі таңда ұшу қауіпсіздігіне қатысты қазақстандық әуе компанияларынан Еуропалық одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Енді 5 отандық әуе компания (Эйр Астана, СКАТ, Комлюкс, КазЭйрДжет және Прайм Авиэйшн) Еуропаға ұшуға толық құқылы.
Қазақстанда 53 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішіндегі 20 әуе компания коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырады. 32 пайдаланушы авиациялық жұмыстарды атқарады.
Мемлекеттік тізілімде 913 әуе кемесі тіркелген. Елімізде әуе кемелерініңі саны жыл сайын артып келеді.