ДӘСТҮРЛІ СПАРТКИАДА ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері арасында өткен спартакиада өз мәресіне жетті. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші – адам денсаулығын нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алатын орны ерекше. Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Бұл бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде көптеген спорттық іс-шаралар қолға алынуда.
Университет оқытушылары мен қызметкерлері спартакиадада арқан тартыс, волейбол, баскетбол, кіші футбол, шахмат, жүзу жарысы және өзге де спорттың түрлерінен бәсекеге түсті. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Жаратылыстану факультеті І орын, Педагогика факультеті ІІ орынды иеленсе, жүлделі ІІІ орында Экономика және ақпараттық технологиялар факультеті жеңіп алды.
Сонымен бірге сайыс барысында ерекше көзге түскен спортшыларға арнайы алғыс хаттар мен номинациялық сыйлықтар табысталды.