СТРЕСКЕ ТӨЗІМДІ ҰРПАҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҰЛТТЫҢ НЕГІЗІ - САРАПШЫ
Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы суицидтен әлемдік көрсеткіш бойынша алдыңғы орындарда тұрғаны қоғамды алаңдатып отыр. Түйткілді мәселенің шешімін табуға халықаралық ұйымдар да атсалысуда. Атап айтқанда, БҰҰ Балалар қоры Қазақстанда «Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу» бағдарламасын енгізді.
Аталған 2015 жылдан бастап жоба пилоттық режімде Қызылорда облысында жүзене асырылып келеді. Үш жылда атқарылған жұмыс нәтижесі жайлы Қызылорда облыстық Білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі, педагог-психолог Абдрахманова Сымбат ойымен бөлісті.
- Жасөспірімдер өтпелі кезеңінде түрлі сыртқы факторлардың құрбаны болып жатады. Әсіресе, ақпараттық технологиялар дамыған заманда жас буынның психологиялық тұрақтылығын нығайту үшін қандай шара қабылдануы керек?
- Бұл өте маңызды мәселе. Себебі, психикалық жағдайы тұрақты, стреске төзімді ұрпақ - бәсекеге қабілетті ұлттың негізі. Болашақ ұрпағымыз психологиялық тұрғыдан мықты болса, тек тәні ғана емес, жаны да сау болса, сырттан келетін факторларға төзімді болса ол бәсекеге қабілетті ұрпақ болады. Мұны қазірден бастап қолға алу керек. Себебі, қазіргі таңда сырттан келетін ықпал өте көп. Ақпараттың, технологиялардың дамыған заманында балаларымызды жоғалтып алмау өте маңызды. Оларға ненің керектігін, ненің қажет еместігін үйрету аса өзекті болып отыр. Көбіне балалар «мен анама керек емеспін, мені ешкім тыңдамайды» деген ой айтады. Кей ата-аналар балаларын кішкентай кезінен компьютер, смартфон беріп жұбатады. Бала мен отбасы арасында тікелей қарым-қатынас жоқ. Сондықтан, қазір көп баланың тілі кеш шығады. Кей әріптерді дұрыс айта алмайды.
- Суицидке қандай факторлар итермелейді?
- Балаларды суицидке итермелейтін бірнеше фактор бар. Атап айтсақ, психологиялық, әлеуметтік, медициналық факторлар деп бөлуге болады. Біздің өңірімізде мынадай жағдай болды. Бала асыранды екенін өз ата-анасынан емес, басқа біреулерден естіген. Бала өз бөлмесіне тығылып, есікті ашпай қойған. Кейін мұғаліміне СМС жазған. «Қош болыңыз» деген мағынада. Сол сәтте дер кезінде үйіне психолог барып, ата-анасымен баламен жұмыс жасап, қыз баланы райынан қайтардық. Сондай-ақ, бір жасөспірім денесіндегі кемшілікке қысылып өзіне қол салғысы келген, қоғамнан алыстап, томаға-тұйық өмір кешкен. Баланың қолында артық саусағы болған. Ол балаға да психологиялық кешенді көмек көрсетілді. Хирург маманның көмегімен ота жасалып, артық саусағы алынды. Қазір жеткіншек колледжде оқиды.
- Баланың өзіне қол салғысы келіп жүргенін қалай байқайсыздар?
- БҰҰ Балалар қорының мамандары дайындаған арнайы сауалнама арқылы анықтаймыз. Сауалнамада 17 сұрақ бар. Респонденттің жауабына қарай арнайы балдар кестесі жасалады. Сол арқылы депрессияда, ой қажап жүрген балалар анықталады. Сосын солармен тікелей жұмыс жүргізіледі.
- Бағдарлама қолға алынғалы бері 3 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
- Біздің облыста әуел баста бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша өте жоғары болатын. Бағдарлама нәтижесінде Қызылорда облысында анықталмаған суицид көрсеткіші 50%-ға азайды, ал анықталған суицид көрсеткіші 23 %-ға төмендеді. БҰҰ Балалар қоры 2016 жылы Испанияда өткен симпозиум барысында біздің жоба бойынша баяндама жасады. Әлемдік қауымдастық жоба жетістіктерін өте жоғары бағалады. 2015 жылы қауіп тобында 1000 бала болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 700-ге жетті. 2017 жылы 600 баламен жұмыс жасалды.
Айта кету керек, бұл жоба әлем бойынша тек Еуропа елдерінде жүргізілген. ТМД аймағында Қазақстан бірінші болып жүзеге асырды. Оған қазір Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары қосылды