ТҰРМАҒАМБЕТ АУЫЛЫНДА ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК БАР
Қармақшы ауданы әкімі С.Мақашовтың Тұрмағамбет ауылында өткен есепті кездесуіне аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, және облыс әкімдігімен бекітілген кестеге сәйкес облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев қатысты.
Ауыл әкім Б.Байбарақовтың есебінен кейін Сұлтан Ысқақұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды саралап өтті. Өткен жылда атқарылған және 2018 жылға жоспарланған жұмыстар мен қолға алынатын жобалар туралы, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, әлеуметтік, білім, мәдениет салалары бойынша баяндап берді. Ауылдық округте орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, «Казпочта» бөлімшелері орналасқан. Жаңадан салынған клуб үйі, балалар бақшасы сондай- ақ, учаскелік полиция инспекторы және ветеринар маман ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Былтыр Тұрмағамбет ЖШС 2700 гектарға күріш, 579 гектар мақсары екті. Жеке қожалықтарда 2487 бас сиыр, 5634 бас қой-ешкі, 400 бас жылқы, 2100 құс бар. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» курсын оқып сертификатын алған 6 азаматтың төртеуі 11,4 млн. теңге шағын несие алып, мал санын көбейту мақсатында жұмыс істеуде.
Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша ауылдық округте 14 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 9 жас маман дипломнан кейінгі жастар тәжірибесінен өткізілді. 1 жұмыссыз азамат «Бизнес-кеңесші» курсын оқыды. Қысқа мерзімді, яғни аспазшы, техник-бағдарламашы, тігінші мамандықтары бойынша 5 адам кәсіби білімдерін жетілдірді.
Кездесу соңында аудан басшысы ауыл әкіміне алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, Елбасы жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.