ЖҰМА НАМАЗЫНДА АВТОБУС АПАТЫНАН ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР РУХЫНА ДҰҒА ЖАСАЛДЫ
Жұма намазында еліміздің барлық мешітінде төтенше жағдай салдарынан қаза болған өзбек ағайындарға арнайы дұға жасалды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ақтөбе облысында жолаушылар көлігінде шыққан өрттен қаза болған бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, Өзбекстан мұсылмандарына хат жолдады. Сонымен қатар Бас Мүфти Серікбай Ораз еліміздің барлық имамдарына бүгінгі жұма намазында қаза болған өзбек ағайындардың рухына дұға бағыштауды сұрап, жеделхат жолдады", — деп жазылған хабарламада.
Кеше сағат 10:30 кезінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара-Шымкент тас жолында жолаушылар автобусында өрт шыққан. Автобустың ішінде 57 адам болған. Оқиға орнында Өзбекстан Республикасының 52 азаматы қаза тапты.