СЕКСЕУІЛ КЕНТІНДЕ ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ
Кенттегі полиция ғимаратының ашылу рәсіміне аудан басшысы М.Оразбаев қатысты.
- Еліміз үшін ең басты құндылық – адам өмірі болса, олардың қауіпсіздігін сақтау аса маңызды жұмыс. Осы ретте, Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидатымен жүруі тиіс екендігін атап көрсетті. Осы бағытта тәртіп сақшыларына мемлекет тарпынан қолдау көрсетіліп, түрлі жабдықтармен қамтамасыз етуде. Соның бір айғағы, өткен жылдың сәуір айынан бастау алған «Полиция бөлімшесінің» құрылысы деуге болады. Қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде бүгін жаңа ғимарат пайдалануға берілуде, - деді аудан басшысы.
Жаңадан бой көтерген пункт барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қоғамдық қауіпсіздікке жауап беретін құқық қорғаушылар үшін бұл зор қуаныш. Жаңа ғимараттың лентасы қиылып, жиылғандар нысанды аралап көрді.