БІЛІМ САЛАСЫ ҮШІН ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ЖОЛ АШТЫ
Өңірлік коммникациялар қызметінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылауға арналған брифинг өтіп, онда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Сайлыбаев дамуымсыздың жаңа бағытын айқындаған құнды құжат жайлы пікірін білдірді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауы әлемнің төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан кезеңіндегі еліміздің әлеуеті мен оның мүмкіндіктерін қалай пайдалана алатынымызды сөз ете отырып, жаңа кезеңге бейімделу үшін қандай қарекет жасайтынымызды да нақтылайды. Себебі, жаһандағы технологиялық қарқынды өзгерістер баршамыздың өмір салтымызды, ұрпақтарымыздың болашағын жылдам өзгертеді және сол өзгерістерге қарай бейімделуімізді талап етеді.
Елбасы өркениеттен қалмай, көшбасшы елдер қатарынан көріну үшін алда орындалатын негізгі он міндетті ұсынды. Басым бөлігі индустрияландыру мен технологияға негізделген осынау маңызды міндеттердің бірі – «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бағыт. Себебі, қандай мықты индустрия, ғажайып технология болмасын, оны жасайтын – адам.
– Сондықтан да Елбасы өз жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі бүкіл жаңғыруымыздың негізі – адам капиталы екендігіне баса назар аудара отырып, білім және ғылым саласының сапалық тұрғыдан дамуына ерекше мән беріп отыр. Мұнда білім беруді жаңа сапаға көтерудің тетігі ретінде, барлық жастағы азаматтарды қамтитын және олардың қоғамдағы өзгерістерге үнемі бейім болып, жаңа білімді меңгеруге қабілетін дамытатын үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды жеделдетудің қажеттігін алға тартады. Ал бүгінгі күні еліміздің білім беру саласы болса, жаңартылған білім беру мазмұнына негізделген 12 жылдық білім берудің осындай ұлттық жүйесін қалыптастырудың бастапқы кезеңінде тұр, – деді колледж директоры.
2016-2017 жылдары білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29% ға өскен болса, 2018 жылдан бастап білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша дәріс беретін ұстаздардың жалақысын 30%-ға, ал ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесінде айқындалатын мұғалімдердің біліктілік деңгейінің жаңа кестесіне сәйкесті категорияларының расталуына байланысты олардың жалақысын 30%-дан 50%-ға дейін көтеру көзделген. Бұл біріншіден, мұғалімдердің өз кәсіби біліктіліктерін ұдайы жетілдіріп отыруын ынталандыратын болса, екіншіден ол ұстаздың қоғамдық мәртебесін көтеріп, оның тартымдылығын арттырып, жастардың мұғалімдік мамандыққа деген қызығушылығын тудырары сөзсіз. Ал, мамандығын дұрыс таңдап, мектептен жақсы дайындықпен келген түлектен болашақ жақсы ұстаз шығатыны да белгілі.
Біздің елімізде жоғары кәсіби білімі бар маманның өз қажеттілігіне қарай қысқа мерзімде екінші мамандық алуына, ал орта буын маманының қысқа мерзімде жоғары білім алуына белгілі бір дәрежеде мүмкіндік жасалған. Кәсіптік білімнің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлерінің интеграцияланған білім беру бағдарламалары да бірізділік пен сабақтастықтың негізінде азаматтардың қысқа мерзімде екінші біліктілік алуына қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Демек, біздің де кәсіби білім беру бағдарламаларымыз еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе жасалуы тиіс. Оның да алғышарттары бүгінгі күні елімізде қолға алынуда.
Мектеп оқушыларының білім деңгейін халықаралық сараптау орталығының мәліметіне сәйкес қазақстандық оқушылар өз академиялық білім деңгейлері бойынша Ресейлік білім алушылардың қатарында алғашқы ондықтан көрінсе, функционалдық сауаттылық деңгейі мен сыни ойлау қабілетіне қарай әлемдегі 60 елдің ішінде соңғы орындарда екендігі анықталған. Балалардың біліміндегі осындай олқылықты болдырмас үшін ОЭСР елдері жаңартылған білім беру мазмұнына осыдан 15 жыл бұрын көшкен болса, біздің елімізде ол 2016 жылдан бері ғана қолға алынып келеді. 2021 жылы 12 жылдық орта білім беру жүйесі толықтай жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп болып, 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады.
Елбасы өз Жолдауында осылайша құрылған ұлттық білім беру жүйесінің нәтижесінде үш тілді меңгерген барлық түлектеріміздің жаһандық әлемде өмір сүре алатындығын және елімізде нағыз азаматтық қоғам құрылатындығын, ал Қазақстанның болашағы - жастардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екендігін айтты.
– Осыған орай, соңғы екі жылда Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлгісіндегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетілген бағдарламамен ағылшын тілінде оқытатын 46 инновациялық мектеп – лицейлер қалыптастырылып, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ағылшын тілін меңгерген математика, физика, информатика пәндерінің болашақ мұғалімдерін даярлау жобасы жүзеге асырылуда. Алдағы оқу жылында алғашқы 75 түлек ағылшын тілінде дәріс беретін 46 инновациялық мектеп - лицейлерге мұғалім болып барады, – деді Бақытжан Әбдіқалықұлы.
Мектептерге маман дайындап отырған аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі болғандықтан да, Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі ұстаздарының алдында аталған Жолдаудан туындайтын зор міндеттер тұр. Оны орындау үшін әрбір ұстаздың Ұлы Дала ұрпақтарына білім мен тәрбие беруде терең білімі, пайым – парасаты, оқушылармен үндескен кәсіби – шығармашылық деңгейі қажет.