ЖОЛДАУ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТПАҚ
Бүгінде еліміздің экономикалық әлеуетінің барынша артып, халық тұрмысының күн санап жақсарып келе жатқаны баршаға аян. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы қарқынымызды одан әрі шыңдай түспек.
Соның ішінде, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және биылғы жылғы Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында 2018 жылдан бастап еңбек және қамсыздандыру саласында бір қатар бағдарламалар іске асқалы отыр. Соның бірі - 2018 жылдың қаңтарынан енгізілетін жаңа форматтағы атаулы көмек.
Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіру жөнінде міндет қойды. Яғни әлеуметтік көмек тек қана нақты мұқтаж азаматтарға ұсынылатын болады.
Осы орайда, Елбасымыз «2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді», - деп нақты атап өтті. Қазіргі таңда, Қызылорда облысы бойынша ең төмегі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы 11124 теңге мөлшерінде айқындалған.
Бұл көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылар мен азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға беріледі. Ал шартты ақшалай көмек отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі. Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді, яғни жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге шағын несие беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек алушы үміткер өз атынан немесе отбасы атынан атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпаратты алуға немесе құжат тапсыруға тұрғылықты мекен жайы бойынша «Халықты жұмыспен қамту орталығына», ал ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне жүгіне алады.
Гүлнар СЕРМҰХАНОВА,
Арал аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін
тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі.