ЖОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ
М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған жиын болып өтті.
Колледж директоры Б.Сайлыбаев оқу орны оқытушылары мен қызметкерлер құрамына аталған Жолдаудың маңыздылығын, ерекшелігін, өзектілігін айта келіп, ондағы он басымдыққа тоқталды. Елбасы Жолдауында әсіресе, жаңартылған білім мазмұнына байланысты тың ойлар айтылған.
Оқу орнындағы «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімі меңгерушісі С.Назарова, «Оқу-ақпараттық талдау бөлімі» меңгерушісі Р.Шермаханова, «Физика-математика және ақпараттық жүйе» бөлімі меңгерушісі Н.Сауяева мен осы шара модераторы С.Малимовалар көшбасшы елдер қатарынан көріну үшін орындалатын он негізгі міндеттің маңыздысы – «Адами капитал – жаңғыру негізі деп аталатын жетінші бағыт, ондағы міндеттер, жаһандық технологиялық қарқынды өзгерістер мен сол өзгерістерге бейімделу, барлық деңгейдегі білім беру сатыларында білім беруді жаңа сатыға көтеру үшін өзіміздің озық жүйемізді дамыту, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы, бірыңғай білім стандарттарын енгізу мәселесіне орай өз ойларын ортаға салды.