ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДАМУҒА ДЕМ БЕРЕДІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталды жаңғыртуға баса назар аударылған. Соның ішіндегі бірінші міндетте «Қазақстан индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген болатын. Иә, бүкіл әлем өркениет көшіне қадам басып, түрлі жаңалықтар ойлап тауып жатқан тұста қазақ халқы да жаһандану дәуірінде жұрттың соңында қалмауы тиіс.
Қазіргі таңда, әлемнің ақпарат кеңістігі дамып, түрлі өнертапқыштардың жасап жатқан дүниелері адамзатты таң қалдырып отыр. Мәселен, төрткүл дүниені аузына қаратып отырған Илон Маск, Джек Ма, Билл Гейтс, Марк Цукерберг сияқты IT саласының үздіктері тамаша туындылар жасап жатқаны мәлім. Ал, Жапон және Сингапур ғалымдары түрлі роботехника, нанотехнологиясымен дүниежүзінің алдына шығып кетті.
Бірде қазақтың ең мықты математиктерінің бірі Асқар Жұмаділдаев ағамыз; «Қазақтың тілі ғылымда ешқандай рөл ойнамай отыр. Қазақтың тілін әдебиет пен мәдениетке ғана емес, жаңа технологияға да енгізуіміз қажет. Сол кезде біздің бай тілімізде бүкіл әлем сөйлейтін болады», – деген еді. Түсінген жанға жаны бар сөз. Сондықтан, Елбасымыздың айтып отырған мәселесі осы бағытқа жол сілтейді. Жаңа заманға – жаңа мүмкіндіктермен бару дегенге саяды деген ойдамын. Көреген көшбасшымыздың алыстан ойлайтын жоспары да қазақ баласын технологияның құлағында ойнатуды көздейді.
Осы орайда, біздің Қазалы ауданының зерек жастарында IT саласына бейімдейтін зияткерлік орталықтар ашып, өнертапқыштар клубы жасақталса, Президентіміз көтеріп жатқан мәселемен дәлме-дәл ұштасатынына сенімдімін.
Кенжетай ШАМШАДИНОВ,
Қазалы аудандық білім бөлімінің ақпараттандыру
саласы бойынша әдіскері