ЖАСТАРДЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, Қазақстан халқы үшін серпіліс болмақ. Жолдауда басымдық берілген ақпараттық технологиялар әлемі, адами капиталға көңіл бөлу жаңа идеялар туындататыны сөзсіз. Жолдауда көрсетілген «Білім берудің жаңа сапасы» атты бөлімінде оқушылар сарайының базасында бизнес-инкубаторлар желісін құру керектігі көрсетілген. Бұл игі бастаманың қоғамға тигізер пайдасы мен экономикамызды жақсартуда алар орны ерекше.
Қазіргі капиталисттік қоғамда кез-келген мемлекеттің экономикалық қуаттылығы сол елдегі шағын және орта бизнестің даму деңгейімен өлшенетіні бәрімізге белгілі. Осыған байланысты республикамызда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы реформалар мен жұмыстар жасалып та келеді. Соның бір мысалы ретінде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанында ашылған бизнес-инкубаторды да тілге тиек етсек болады. Студенттердің бизнесін бастау және оны дамыту мақсатында ашылған орталық небәрі 7 ай ішінде 12 бизнес жобаны жүзеге асыра отырып, 30 студентті жұмыспен қамтыды.
«Баланы жастан» деген қазақ атамыз. Яғни, ерте жастан баланы кәсіпке тәрбиелеп, бизнестің қыр-сырын түсіндірсе болашақта әлемдік бәсекелестік пен бақталастыққа төтеп бере алатын мықты кәсіпкер тұлғаларды дайындайтынымыз анық. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының дамуы мен жаһандық аренадағы позициясын бекітуге септігін тигізеді.
Жоғарыда айтылған оқушылар бизнес-инкубаторынның тиімділігін арттыру мақсатында қолданылуға тиісті іс-шараларды атап өтейік. Бірінші, кәсіпкерлік еркіндік пен шығармашылықты қажет ететін сала болғандықтан – бейресми форматта білім берілгені дұрыс. Яғни, оқушыларға ойындар (монополия, бизнес-life т.с.с) ойнату, бизнеске қатысты кино мен мультфильмдерді көрсетіп талқылау, іскерлік әдебиеттерді оқушылармен бірігіп талдау арқылы баланың бойында алғашқы кәсіпкерлік сананы тудыруымыз қажет.
Екіншіден, кәсіпкерлік тақырыптарындағы семинар-тренингтар мен мастер-класстарды тек қана теория жүзінде емес, сондай-ақ, практикалық жағынан көрсетуге де көп көңіл бөлген жөн. Оқу барысында теория мен практиканы ұштастырып, игерген оқушыдан сапалы нәтиже шығады.
Үшіншіден, кәсіпкерлер мен оқушылар арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, оқушылардың бизнес жобаларына міндетті түрде кемінде бір кәсіпкерді ментор ретінде тағайындау керек. Тиісінше, менторлыққа келісетін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай тудыру қажет.
Төртінші, әр тоқсан сайын оқушылардың бизнес жобаларына байқау ұйымдастырылып, ең үздік жобаларға мемлекет есебінен арнайы гранттар қарастырылған дұрыс.
Бесіншіден, сарапшылар тексерісінен өткен оқушылардың бизнес жобаларын инвесторлар алдында қорғап, ары қарай дамуы үшін серіктестік бағытында жұмыс жүргізілуі тиіс. Тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де дәлелденген бизнес экономикамыздың дамуын қамтамасыз етеді.
Бизнесте адамның жасы емес, ақылы мен санасы рөл ойнайды. Сондықтан, оқушыларға жасы кіші бала деп емес, әлеуеті мен ерік-жігері мықты, креативті ойлай алатын жеке тұлға ретінде қараған жөн. Осы жолдағы біздің мақсат – өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт пен сапалы бағдар беру. Сол кезде біздің елден де Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск және Марк Цукерберг сынды алпауыт инноватор кәсіпкерлер шығады.
Жандос ОРАЗМАХАНОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
"Бизнес-Start" инновациялық жобаларды
жүзеге асыру орталығының жетекшісі,
информатика ғылымдарының магистрі.