ТЫҢ МЕЖЕ, СОНЫ СЕРПІЛІС
Жыл-жылдың жүгі басқа. 2018 жылдың алғашқы айы елімізге тағы да жақсы жаңалық, тың межелер мен соны серпілісін алып келді. Олай дейтініміз, үлгілі үрдіс бойынша Елбасы Қазақстан халқына кезекті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жария етті.
Тәуелсіз Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізіп, жалпақ әлемге танылды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, жаңа жылдан бастап оған төрағалық ете бастады.
Еліміз осындай өрлеу кезеңін бастан өткерген сәтте халықтың назарына ұсынылып отырған жаңа Жолдаудың маңызы мен көтеретін жүгі жеңіл емес. Онда бүкіл әлем төртінші өнеркәсіптік дәуіріне бетбұрып, техникалық, экономикалық және әлеуметтік салаларда қарқынды өзгерістер өріс алғанына айрықша мән берілген.
Сондай-ақ индустрияландыру жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті дамыту, ақылды техникалар- агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігі, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын жаңғырту, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін нығайту жөніндегі мерейлі міндеттер белгіленген.
Қазақстанда жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өссе, бұдан түсетін табысты 2020 жылғы 5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл міндет Қоскөл – Сексеуіл – Сауран стансалары аралығындағы жол қауіпсіздігін сақтап, жүк және жолаушылар пойыздарына техникалық қызмет көрсететін Қазалы пайдалану вагон депосындағы теміржолшылар қауымының да жауапкершілігі жүгін арттыра түседі.
Біз Елбасы Жолдауымен жігерленіп, белгіленген биік мақсаттар үдесінен шығуға қажырлы еңбегімізбен үлесімізді қоса береміз.
Арғын ОРЫМБАЕВ,
Қазалы пайдалану вагон депосының басшысы,
аудандық мәслихат депутаты.