ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ БАРЛЫҚ САЛАДА БОЛАДЫ
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шыны зауыты жобасын жүргізуші «Orda Glass» ЖШС басқарма басшысы Ержан Сағымбаев мәлімдеді.
- ҚР Президенті Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында негізгі он басымдығын атап өтті. Жолдауда цифрлық дәуірден қалмау қажеттігіне баса назар аударылып отыр. Цифрлық технологиялар барлық салаларда болады. Мемлекеттік басқару болсын, экономика, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіп, өндіріс – барлығында технологиялардың басымдығы болады деген сөз. Сонымен қатар төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Осы орайда, жаңа технологияларды өндіріске енгізу мақсатында бүгінгі күні шыны зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша бюджет қаражаты есебінен индустриялық аймаққа қажетті инженерлік инфрақұрылым жеткізілді. Сонымен қатар, теміржол тұйығы, су құбыры және кәріз су жүйесін жеткізу жұмыстары жүргізілуде, - деді Ержан Сағымбаев.
Басқарма басшысының айтуынша бүгінгі күні шыны зауытының төрт кешенінің үшеуінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оған 200-ге жуық құрылысшылар жұмылдырылған. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы ірі компаниялардың бірі «Чайна Триумф» қытайлық компаниясы мен «Orda Glass» ЖШС арасында құрылысты аяқтау үшін меморандумға қол қойылды. Алғашқы өнімді биыл Астана күні қарсаңында шығару жоспарланған.
Айта кетейік, аталған қытайлық компания жоғары технологиялық «Планшет, смартфон және күн панелдеріне арналған аса жұқа шыны өнімдерін шығару» жобасын іске асыруға ниет білдіруде. Бұл құны 200 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба шыны зауыты территориясында іске асатын болады.