АСХАТ ТАҒЫБЕРГЕН «ҚАЙСАРҒА» ОРАЛДЫ
«Астана» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген «Қайсар» командасына қайта оралды. Бұл жөнінде қызылордалық клубтың ресми сайты хабарлайды.
Жиырма жеті жастағы спортшы қызылордалық футбол мектебінің түлегі. Ол 2008-2012 жылдар аралығында «Қайсар» сапында ойын көрсетті. Одан кейінгі үш жылда «Ақтөбе» намысын қорғаса, 2016-2017 жылдары «Астанада» ойнады. Өткен жылдың алғашқы жартысында Қостанайдың «Тобылында» доп тепті.
Асхат Тағыберген футболдан ел біріншілігінің екі дүркін чемпионы, бірнеше мәрте жүлдегер болды. Сондай-ақ, ол – Кубок және Суперкубок ойындарының жеңімпазы. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнаған тәжірибесі тағы бар.
Жартылай қорғаушы 11 қаңтарда «Қайсардың» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қосылады деп күтілуде.