МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «АРАЛТҰЗДА» БОЛДЫ
Мәжіліс депутаттарының Арал ауданындағы жұмыс сапары Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» акционерлік қоғамында жалғасты. Өндірістегі жаңалықпен танысқан депутаттар 2016 жылы іске қосылған полимер цехында болды.
Айта кету керек, 2012 жылдан бастап «Аралтұз» АҚ-на жаңа инвестордың келіп, өндіріс орнын жаңарту бағытындағы бастамалар қолға алынды. Елбасының бастамашы болған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосқан. Жобаға 2,5 млрд теңгенің үстінде инвестиция салынып және дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испания компаниясының құрал-жабдықтары жеткізілді. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120,0 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бұрын «Аралтұз» АҚ-на ішкі нарықта ас тұзының 70% тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90% дейін жеткен. Сәйкесінше, сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайған. Қазіргі таңда, әлеуметтік тұрғыда зауытта барлығы - 1200-ге жуық жұмысшы қызмет атқаруда.
Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр.