БАЙҚОҢЫРҒА ТУРИСТІК САПАР ҰЙЫМДАСТЫРАТЫН ТУРОПЕРАТОРЛАР ТІЗІМІ ЖАСАЛДЫ
Жұлдызды ғалам мен жер шарын байланыстырған жер кіндігі Байқоңырға туристік сапар ұйымдастыратын туроператорлар тізімі жасалды. Қазақ жеріндегі ғылыми прогрестік бренд-нысанға саяхатшыларды көптеп тартуға отандық туркомпаниялар да атсалысады, деп хабарлайды 24 kz телеарнасы.
Жұлдызды қалашықты дамытудың 2018-2035 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, қонақ үйлерді көбейту жоспары бар. Оған қоса, мәдени ойын-сауық инфрақұрылымын және зымыранның ұшуын бақылайтын алаңдарды жақсарту көзделген. Туристік бағытқа Қорқыт-ата мемориалдық кешені мен Қамбаш көлі де кіреді.
Байқоңыр темір жол мен халықаралық автодәліз бойында орналасқан. Бірақ жолаушылар қатынасы талапқа сай келмейтін қаладағы екі әуежайды жаңғырту қажет. Ғарыш айлағына келетін шетелдіктердің санын көбейтіп, қызығушылығын арттыру үшін құжаттық рұқсат беру рәсімдерін барынша жеңілдету де қарастырылып отыр.