ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов жұмыс бабындағы сапармен аймағымызға келді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесу барысында депутаттар аймақтың 2017 жылғы әлеуметтік-мәдени дамуындағы негізгі қорытындылармен және осы жылғы жоспармен танысты. Аймақ басшысы өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының жай-күйі және келешектегі дамуы туралы жан-жақты хабардар етті. Сенаторлар Қызылорда облысында жедел және айқын құқықтық қызмет көрсету мақсатында құрылған Құқық қорғау қызметі орталығының жұмысымен танысты. Мұнда азаматтарға құқықтық мәселелерді шешуде кешенді түрде көмек көрсететін білікті мамандар (прокурор, адвокат, медиатор, әкімдік өкілдері) қызмет етеді. Орталық қазіргі заманғы инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған, келушілерге жайлы жағдай жасалған. Парламентшілер жаңа тұрпаттағы полиция бекетінде болып, оның жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ 500-ге жуық камера жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесінің тиімді жұмысы атап өтілді. Депутаттар қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін бұл жаңалықты еліміздің басқа да аймақтарына кеңінен таратуды ұсынды. Депутаттар құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу барысында заңдардағы әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған түзетулер туралы әңгімеледі.
Сенаторлар қалалық мәслихат ғимаратында облыс активімен, мәслихат депутаттарымен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Сенат Төрағасының орынбасары Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы және «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызды рөлін атап өтті. Б.Бекназаровтың айтуынша, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы, Астанада ШЫҰ саммиті мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі біздің еліміздің жаңа тарихында ерекше орын алады.
Кездесуде Парламент қабылдаған заңдардың мазмұны, еліміздегі рухани жаңғыру мәселелері, оның ішінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен қазақ тілін латын әрпіне көшіру туралы мәселелер жайлы кеңінен айтылды.
http://www.parlam.kz/kk