ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ЖЫЛ ТҮНІ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ МЫҢНАН АСТАМ ШАҚЫРТУ ТҮСКЕН
Жыл ауысар тәулікте қызылордалық жедел жәрдем қызметіне 1 мың 268 шақырту түскен, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Оның 360-ы балаларға қатысты. Көбі салқын тигізіп, тұмау жұқтырған. Желтоқсанның 31-інен 1 қаңтарға қараған түні бір адам спирттік ішімдік ішіп, аязды түнде далада үсіп қайтыс болды. Пиротехникалық жарылғыш заттарды пайдалану кезінде бір баланы жеңіл түрдегі күйік шалып, дәрігерлер тиісті ем-дом жасады. Сондай-ақ автокөлік және қора-жай өртену деректері де тіркелді. Оқыс оқиғада жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Жазатайым жағдайлар да орын алды. 5 азамат пышақталып, жедел жәрдем шақыртқан.
– Оның 2-сі жедел жәрдем барамын дегенше оқиға орнынан кетіп қалған. 2-еуі ауруханаға түсті, – дейді жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Анар Қожахметова.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Айгүл Нұрманованың айтуынша 1 қаңтар күні сағат 04:48 шамасында Тараз көшесі 11 тұрғын үй алдындағы Mitsubishi Galant автокөлігі өртенген. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынның өршуіне жол берген жоқ.