МАЙДАНГЕРДІ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагері Үсейін Ысқақовты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қарт майдангердің деніне саулық тілеп, сый-сияпат жасады.
– Тәуелсіздік жылдары еліміз қарыштап дамып, аймағымыз көркейіп келеді. Мұның барлығына сіз секілді қариялардың берген батасы мен тілектестігінің арқасында қол жетті. Ауырмаңыз, көрер қызығыңыз көп болсын, – деді аймақ басшысы.
Соғыс ардагері Үсейін Ысқақов Тереңөзек ауданының Қаратөбе елді мекенінде 1923 жылдың 8 наурызында өмірге келген. Ол 1942 жылдың көктемінде өз еркімен майданға аттанған. Украина, Карпат таулары, Бандерлер аймағы, Сталинград, Курск, Польша, Чехия, Венгрия, Австрия жерлерін азат етуге қатысқан. Соғысты Германияның Дрезден қаласында аяқтаған.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Үсейін Ысқақовқа Қызылорда қаласынан 2 бөлмелі пәтер берілді.
Ел басына күн туған зұлмат жылдарда қолына қару алып, Отанын қорғау үшін майданға аттанған соғыс ардагерлерінің ерлігін ұмыту мүмкін емес. Өрліктің белгісін, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен олардың жеңісті жолы тарихта мәңгі қалады. Отан деп от кешкен батырлардың ғибратты ғұмыры қашанда жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.