КООПЕРАТИВ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Бүгінде Сыр өңірінде екі жүзден астам кооператив жұмыс істейді.
Олардың құрамында мыңға тарта жеке шаруа қожалығы бар. Аймақта агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жарқын үлгісін былтыр Қазалы ауданында құрылған «Шеңгелді» өндірістік кооперативінің жұмысынан байқауға болады. Кооператив бір жыл ішінде ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, сыртқы нарыққа да өнім экспорттаған.
Қырық адам біріккен «Шеңгелді» кооперативі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы қол жеткізген 160 млн теңгеге жеңілдетілген несиеге мың сексен бас ірі қара сатып алды.
Жетесәлі Мұратбай,– Малды көбінесе жергілікті жерден алдық. Қостанайдан, Оралдан алдық. Шөпті өзіміздің шаруашылық есебінен қамтамасыз етіп отырмыз,– дейді «Шеңгелді» өндірістік кооператив төрағасы Жетесәлі Мұратбай.
Талапқа сай салынған қора-жайға әкелінген түлік 3 ай көлемінде бордақыланады. Асылтұқымды бұқалар арнайы жемделіп, салмағы жарты тоннаға дейін жеткізіледі.
Облыс бойынша ағымдағы жылы индикативтік жоспар артығымен орындалып, 20 кооператив құрылып отыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы биыл 15 кооперативке 1 млрд 56 млн теңге қаржы бөлінді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ҚФ директорының орынбасары Баяділ Сәдиевтің айтуынша қор 2016-2017 жылдары 31 кооперативті қаржыландырған. Жалпы несие көлемі 3 миллиард теңгеге жуықтапты.
Кооперативке бірігу агробизнеске жаңаша серпін бергені байқалады. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түсінген қазалылық шаруалар енді өнімдерін Қытай мен Жапонияға экспорттауды жоспарлап отыр.