СЫР- ӨЛЕҢ МЕН ЖЫРДЫҢ ОТАНЫ
Айтыс- халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуашышы да, қайғысы да, әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс- тіршілігі де, мәдени дәрежесі де, әдет- ғұрыптары да көрініс табады. Сондықтан айтыс- халықтың ең бір күшті өнері, қазақ тілінің сөздік қорын қамтитын бай қазынасы. Көркем ойымыз бен әдеби тіліміздің ғасырлық жолдарын айқындайтын көне өрнегі.
Айтыс- қазақтың ескі заманнан келе жатқан ауыз әдебиетінің бір кең саласы. Халқымыздың мәдени өмірінің тарихи із- таңбасы да осында. Осы уақытқа дейін маңызын жоймай, халықтың жүрегінде мәңгі сақталып келе жатқан бейнелі сөздер, сұлу теңеулер, нақылдар айтыс өнерінен жасалған. Адамның ой- өрісін кеңейтіп, тілін дамытуда, жан сезімі, эмоциялық әсері күшті айтыстың болашақ ұрпақтарды тәрбиелеуде мәні зор.
Қазақтың ескі тұрмысында ақындардың айтысы жүйрік аттардың бәйгесімен бірдей болған. Жарыста озғанға бәйге беру сияқты айтысушы ақындарға да бәйге тігіліп, бәйгені қай жеңгені алған. Жарысқа түскен жүйрік те, айтысқа түскен ақын да өз намысы үшін емес, ел намысы үшін түседі. Халық арасынан шыққан ақындардың көпшілігі өзінің өнерін, талантын сол халыққа арнаған, халық өмірін жырлаған. Мысалы, Сүйінбайдың өлеңі, жағалбайлы руынан шыққан Ақсұлу қыз бен жаппас руынан шыққан Кеншімбай ақындардың айтысы, Біржан мен Сара, Ақбала мен Боздақ, Әсет пен Рысжан, Ұлбике мен Күдері тағы басқа ақындардың айтыстары осының дәлелі іспеттес.
Айтыс- Сыр елінің де қашаннан бауыр басқан төл өнері. Сыр бойындағы ежелден жасалынған жыр теңізі шегіне көз жеткізбейтін жауһарлар. Сыр бойы ақындары айтысқа ермек үшін, күнкөріс қамы үшін түспеген. Бұлар өлеңді- өнердің пірі тұтып, басқа қонған бақ, абырой санап, оны құрметтеп, табиғат сыйлаған талант қуатымен аламан бәйгеге қосқан тұлпарлардай бір- бірімен жарысып, жақсы өлең туындату жолында жыр додаларына түскен. Осылайша арқалы ақындардың әрқайсысы жыр бұлағын көктемгі өзендей тасқындата білген.
Осы өнер бәйгесінде суырылып алға озып, дарындылығымен ел есінде сақталып, жатталып келе жатқан ақындар Сырдың төсінде аз емес. «Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп», Күдеріқожа, Айманкүл Тәжібаева, Қуаныш Баймағамбетов, Нартай Бекежанов, Ұлбике Жанкелдіқызы, Манап Көкенов айтыстары айтыстың түрін алғаш жасаушылар. Осылай тізбектей берсек, Сыр бойы айтыс ақындарының үлгі, мақтан тұтар жетістіктері көп- ақ.
Сыр бойындағы өнер қауымының арасынан топ жарып шығып, есімі республикаға кеңінен танымал болған дара дарынды ақындардың бірі- Манап Көкенов. Манап ақын сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Ол әркез ел аралап бұқара қауым алдында жан дүниесін тербеген шығармашылық шеберлігін төгіп, өнерін паш еткен. Ол — өзі көзімен көріп, батасын алған атақты төкпе ақындар Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кене Әзірбаевтардың өнегелі істерін табиғи дарын қуатының күшімен жалғастырып жұртшылыққа насихаттап, сол дәстүрді әрі қарай өрістеткен қазақтың ірі айтыс ақындарының бірі. Он бес жасында халық оның бойындағы дара қасиетті ардақтап, «бала ақын» атандырды. Ол жұрты бағалаған осы ардақты атты бүкіл өмірінің соңғы күніне дейін бойтұмардай сақтап, ақынға тән сара жолмен жүріп өткен. Манап ақындық айтыстың мәнін, мақсатын сол бағыттағы талмай ізденіс нәтижесінде меңгерген. Оған ақынның А. Бұрбаевпен сөз сайысындағы:
Әуелден әлсіздікті танытпадың,
Айтыстың ұғынасыз анықмәнін,
Қазіргі айтыс- жеңілу, жеңу емес,
Бұл сырды білесің ғой анық бәрін,
Жұмылып кемшілікті жою мақсат,
Ортаға түгел жайып салып бәрін,- деген сөзі дәлел.
Ақынның:
Туған жерім гүлің боп көктедім көп,
Неше дүркін құлпырдым көктемің боп,
Жерұйығым, жәннатым сенсің менің,
Сене жырақ ешқайда кеткенім жоқ,- деп өзі айтқандай, Манап ақын ешқайда кеткен жоқ. Өлең барда, кие тұтар өнер барда мәңгілік Манаптың шоқтығы биік.
Жырдан теңіз жасаған Сырдың тағы бір дүлдүл ақыны- Нартай Бекежанов. Ел мақтанышына айналған Нартай жасынан ақындық өнерге шомылған. Сыр өңірінде Нартайдың қатысуынсыз үлкен той- думан өтпейтін дәрежеге жеткен.
Атақты орта жүзде Нартай ақын,
Адам аз білмейтұғын Нартай атын.
Айтысқан ақындарын жеңген жүйрік,
Білмесең емес едім қартаятын,- деп өзінің құдіретті талнт иесі екенін көрсете білген. Осының өзі Нартай ақынның халықтық өнеріміздің ең үздік жұлдызы екенін аңғартады. Бұндай ерен жетістік- жалпақ елі өнеріне сүйсініп, төбесіне көтеріп еркелететін кәдімгі ақын, салдарға тән дүр даралық еді. Ендеше Нартай ақынға сондай тұғыр лайық екені даусыз.
Бағзы заманнан өнерді құлай сүйген қазақ халқының жадында Қуаныш Баймағамбетов есімі мәңгі сақталады. Жастайынан қисса- дастандарды жаттап алып, жұрт арасында орындауыд әдетке айналдырған ақын қаршадай кезінен Шығыс әдебиетінің әлемге кең тараған шығармаларына және сол үлгіде жасалынған қазақтың жыр- дастандарына ол құмарлана үңіліп, жаттап өскен.Бұған ақынның артында қалдырған өлең- жырлары, айтыстары куә бола алады.
Тұрмағамбет, Омар, Нақып, үш Жүсіп,
Осылардан сауатымды ашқанмын,
Сұлу Сырдың Сүлейі Асқарынан, Бұрын тудым, бірақ одан аспадым,- деп сыр бойы ақын- жыраулары оның өнер жолындағы тәлім- тәрбие алған мектебі болғандығын көрсетеді.Қуаныш ақын Сыр бойындағы айтыс өнерінің өз кезеңімен дамуына қомақты үлес қосқан суырып- салма айтыскер. Оның Иса Байзақовпен, Айтбай Дүйсенбаевпен айтыстары осының куәсі іспеттес.
Өлеңді жас күнімнен жаздым бастап,
Демеймін жазғанымның бәрі жақсы- ақ.
Өлеңмен өмір жайын дастан қылдым,
Өмірдің қызықтығын жастан білдім,- деп өмірден көргенін, көңілге түйгенін өлеңмен өрнектеген Қуаныш Баймағамбетов- дарынды тұлғалардың бірі.
Айтыс- сан- салалы, өркенін жайған ордалы, өрелі өнер. Қазіргі таңда осы өнерді асқақтатып, бұқара халықтың мақтанышына айналып жүрген Әбілхайыр Сыздықов, Кенжебай Жүсіпов, Мұхтар Қуандықұлы, Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов сынды айтыстың саңлақтары, шалқар шабыттың иелері Манап, Нартай салып берген сара жолды ұстанып, айтыс өнерін биікке көтеріп келеді. Бұдан шығатын түйін- табиғаттың табиғи байлығы таусылуы мүмкін, алайда халықтың ұлттық мұрасы күн санап кеңейіп, рухани өлшемі артпаса, кемімейді. Сырдың бойы- халқымыздың киелі мекені. Сондықтан Сыр- өлең мен жырдың Отаны болуға лайық.
tarbie.kz