ЖАҢҒЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқушы белсенділігін арттырудың интербелсенді әдіс-тәсілдерін қолдану ерекшеліктерін сипаттау, ата-аналарды топтық жұмыстарға тарту, сабақты зерттеудің оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі маңызын педагогикалық ұжымдарға түсіндіру мақсатында «Магниттік мектептер» қауымдастығы «Lesson Study» сабағы және оны талдау» тақырыбында десант сабақтар шеруін өткізу қолға алынуда
Жақында осындай шара Арал қаласындағы №14 мектеп-лицей директоры Ш.Бекееваның жетекшілігімен ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Жіңішкеқұм ауылындағы №230 орта мектепте мектеп-лицейдің бір топ мұғалімдері десант сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерін бөлісті.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізілген «Ауылым-алтын бесігім» атты көрме көпшілікті жаңашылдығымен қуантты. Ал, Ж.Қонарова, Б.Сражадинқызы, А.Ембергенова сынды мұғалімдер өткізген «Математика вокруг нас», «Жақсы дос-жан азығы», «Жай бөлшектерді қосу және азайту» тақырыптарындағы сабақтарда оқушы белсенділігін арттырудың түрлі әдіс-тәсілдері молынан қолданылды. «Спорттық ойын-баскетбол» атты денешынықтыру және ағылшын тілі пәндерінің кіріктірілген сабағы да қызықты өтті. Сондай-ақ, «Орта буынға бейімделу кезінде оқушылар алдында кездесетін кедергілер» және «Оқудағы кедергілер» атты коучингтер мен тренингтер де мұғалімдер белсенділігін арттырды.
Г.Қуанышбаева, Е.Сәрсенбаева, Е.Айекешов, Н.Кенжебаева, Ж.Қонарова өткізген «Критериалды бағалау принциптері туралы не білеміз?» атты ата-аналар жиыны, пән бірлестігінің отырысы, қатаң есептегі құжат нысанымен жұмыс және «Өзіндік білім жетілдіру-кәсіби шеберліктің даму кепілі» тақырыбындағы презентация ізденісті шығармашылық жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Бақыткүл КІШКЕНЕБАЕВА,
№14 мектеп-лицейдің мұғалімі.
Арал қаласы.