ЕЛІ ҚҰРМЕТТЕГЕН ҚАЙРАТКЕР
Желтоқсан айының 31 күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың туғанына биыл 90 жыл толады. Осыған орай Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қалдырған ізі мәңгілік» атты еске алу кеші өткізілді.
Кеш Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер Шамша Айтуғановтың алғысөзінен бастау алды. Одан бөлек еске алу кешіне еңбек ардагері Кеңес Бабанаев, Тасболат Ерғараев, Зоя Төлегенова, Марияш Таласбаева, Мұңсызбай Әбубәкір мен қаржы саласының үздігі Кемал Көпжасар қоғам қайраткерінің қызметі жайында сыр шертті. Сондай-ақ, Жосалы кентінде тұратын қарындасы Үржамал Әлиқызы Тыныбаева, інісі Омар Тиыштықбай, Әбубек Тыныбаев пен Айткүл Тыныбаева заңғар тұлға жайында естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапханашысы Ақзия Қожахметова Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Рүстем Жанайдың «Текті ұл» атты арнауын оқып берді. Одан әрі, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Кемал Нұрхан, Аян Иманәлиев пен Сүйеніш Кареновтің арнау өлеңдеріне кезек беріліп, кітапханашы Жанар Сейталиева «Еңбегі ерен, ойы терең қайраткер» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Танымал қоғам қайраткерімен қатар өмір сүрген дәуірі бір замандастарының елеулі естеліктері де айтусыз қалған жоқ. «Қазалы» газетінің тілшісі Ринат Қайратұлы, №266 және №249 мектеп-лицейдің оқушылары Данияр Әбілқасым мен Зият Нұраят, №170 мектептің 11 сынып оқушылары Дулат Ізбасар мен Өмірзақ Қанат жадынамадан үзінді оқыды.
Айта кетейік, Әбубәкір Әбиұлы Тыныбаев Ұлы Отан соғысынан кейін ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға, соның негізінде халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, ауылды гүлдендіруге қажырлы қызмет атқарған Сырдария өлкесінен шыққан тұңғыш министр. Жергілікті халыққа жылдар бойы арман болған Басықара су торабын салуға бастамашы болған ел ағаларының бірі. Киелі Қазалы топырағында аунап өскен халқының сүйікті перзенті Әбубәкір Әбиұлының еліне қылған қажырлы еңбегі ел есінде мәңгі сақталып, келер ұрпаққа өнеге бола бермек.
Р. ӘБДІҚАЛЫҚ